Мерекедегі марапат пен көрсетілген құрмет
Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде де Конституция күні мерекесіне орай “Айбыны биік Ата заң!” іс-шарасы өтті.
Салтанатты жиында аталған ауданның әкімі Абылай Сұлтанғали жиналған көпшілікті ұлық мерекемен құттықтап, көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған бірқатар аналарға “Күміс алқа” және “Алтын алқа” белгілерін табыс етті. Атап айтқанда “Күміс алқаға” Маржан Арыстан, Ризагүл Есмахаева, ал “Алтын алқаға” Сандуғаш Дүйсембекова, Сәуле Нұрфазылова, Инна Шкарина ие болды.
Сондай-ақ салтанатты сәтте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, қоғамдық келісімді нығайтқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Бұқар жырау ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен ауданның бірнеше азаматы марапатталып, оларға да қошемет көрсетілді.
Мәдениет үйінде өткен бұл мерекелік шарада бұқар жыраулық өнерпаздар да аянып қалмай,ән де айтып, күй тартып, би де билеп, көпшілікке қуаныш сыйлады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.
Суреттер ұйымдастырушылардан.