АймақШет

Мерекедегі марапат

Дәстүр бойынша Шет ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтті. Рухани құндылықтарды насихаттап жүрген сала мамандарын ұлықтайтын бұл мереке «Мәдениет – мәңгілік елдің іргетасы» деген атаумен биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Оған Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров арнайы қатысып, өңірдің мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген қыз­меткерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттар табыстады.

– Бүгін елімізде айтулы мереке. Мемлекетті мемлекет, ұлтты ұлт ететін мәдениет пен тіл екендігі анық. Бізді тарихтан-тарихқа, ғасырдан-ғасырға алып келе жатқан да осы мәдениет. Сондықтан, барлық мәдениет майталмандарын мерекелерімен құттықтаймын, – деді Мұхит Мұхтаров.

Бұдан кейін аудан әкімінің сыйлығы аудан мәдениетінің жандануына зор үлес қосып жүрген бір топ мәдениет қызметкерлеріне табысталды. «Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» номинациясы Үңірек ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Жаңагүл Төлеутайға, «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» номинация­сы Өспен ауылдық клуб үйінің көркемдік жетекшісі Ағыбай Шырқаевқа, «Үздік инструменталды ансамбль» номинациясы Шабал Бейсекқызы атындағы Ақадыр мәдени-сауық орталығының жанынан құрылған вокалды-инструменталды ансамбліне, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» номинациясы С.Сейфуллин кенті Мәдениет үйінің меңгерушісі Риза Стыбаеваға, «Қолөнер шебері» номинациясы Талды ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сұраған Жайболға, «Үздік музыкант» номинациясы Шет аудандық мәдени-сауық орталығының қызметкері Сәкен Сүйіндікұлына, «Техникалық қызметтердің үздік қызметкері» номинациясы Шет аудандық мәдени-сауық орталығының дыбыс технигі Ержан Қайырбекұлына, «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы «Шет аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» директорының орынбасары Рыскүл Досановаға, «Ауылдың үздік кітапханашысы» номинациясы Ортау ауылдық кітапханасының кітапханашысы Бекзат Тайжановаға, «Үздік кітапханашы» номинациясы Шет аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі библиография бөлімінің библиографы Нұргүл Балдақоваға табыс етілді.

Сонымен қатар, басқа да қызметкерлерге Шет ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімнің Алғыс хаттары берілді. Мәдениет саласының зейнеткерлеріне де құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары табысталды.

Салтанатты жиын Шет ауданының тумасы, белгілі әнші Аманкелді Күзеубайдың «Ән бесігім – Сарыарқа» атты шығармашылық кешімен жалғасын тапты. Әншінің шығармашылық кешінде Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, Санат Исаев және «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button