Жаңалықтар

Мереке аясында – игі бастама

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен 2018 жылы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы құрылған еді. Бүгінде мереке аясында Қарағанды техникалық университетінде аталмыш орталықтың аймақтық штабы ашылды. Сондай-ақ, білім ордасы Достық үйімен меморандумға қол қойып, «Ұлтаралық келісім» кабинетін ашты.

– Бұл университет үшін маңызды келісімнің бірі. Біз мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырып қана қоймай, олардың бастамаларына қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз, – деді университет ректоры Марат Ибатов шараның салтанатты ашылу рәсмінде.

Бұл алаң – барлық этнос өкілдерінің жастарына арналған. Алдағы уақытта студенттер бос уақытын осында өткізбек. Патриоттық бағыттағы түрлі мерекелік шаралар мен кездесулер ұйымдастырады.

Бұдан бөлек «Жаңғыру жолы» клубының жетекшісі Ілия Смайлов: «Белсенді студенттерді қабылдап, мерекелік шараларды ұйымдастыруды қолға аламыз. Қала тұрғындарына шет тілін үйрететін тегін үйірме ашуды жоспарлап отырмыз. Еріктілер клубын да құрып, қайырымдылық шараларын жалғастырамыз. Әрине, бұлар біз атқаратын жұмыстардың бір бөлігі ғана», – деді.

Неміс ұлтының өкілі Франц Кифель Қарағандыда дүниеге келген. Кезінде отбасы депортацияға ұшырап, Қазақстанға жер аударылған көрінеді. Содан бері осы мекенде тұрақтап қалыпты. Қазір ол аталмыш білім ордасының І курс студенті.

– Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Мектепті де осы қаладан бітірдім. Қазір достарым көп. Көбі қазақ балалары. Бірге ас ішіп, допты қатар тептік. Солардың арқасында қазақ тілін меңгердім. Түрлі ұлттық ойындар мен төл мереке жайлы көп айтады. Көзбен көріп, үйреніп те қалдым. Өз мамандығымның шебері болып, елімнің көркеюіне үлесімді қоссам деген арманым бар, – дейді Франц Кифель.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button