Ресми

Мереке қарсаңындағы марапат

Облыс әкімдігінде Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Елбасымен еңселі, әнұранмен айбынды, туымен тұғырлы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында төрт қарағандылық алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шараның құрметті қонақтары белгілі сәулетші және Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, сондай-ақ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары болды.

— Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің атынан Қарағанды облысының барлық тұрғындарын мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз, бұл да бәріміз үшін маңызды күн. Осы жылдар ішінде біз егеменді мемлекет ретінде әлемдік дәрежеге қол жеткіздік. Туымыз әлемдік ареналарда сан мәрте желбіреді, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

«Тәуелсіздіктің 30 жылы аралығында мемлекеттік рәміздер ел имиджінің ажырамас бөлігіне айналды. Өскелең ұрпаққа біздің Ту, Елтаңба және Әнұран арқылы патриоттық сезімді дарыту қажет» деп есептейді Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков.

— Біздің мемлекеттік рәміздеріміз көп жылдар бойы бостандыққа қол жеткізген ата-бабаларымыздың үмітін бейнелейді. Елтаңбаны жасауда Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың да үлесі бар. Дауыс беру кезінде кейбір депутаттар елтаңбадағы жұлдызға қарсылық білдірді. Сол кезде ол жұлдыз жарқырауды бейнелейтінін айтып, ата-бабаларымыздың «Жұлдызын жарқырай берсін!» деген батасын еске алып, ырымдаған бллатын. Сондықтан Қазақстанның жұлдызы ешқашан өшпесін! – деді Жандарбек Мәлібеков.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары да елімізді мақтан тұтатынын айтып, сезімдерімен бөлісті. Дәрігер Дарын Әбілжанов өңір медиктерінің атынан сөз сөйлеп, өз халқына қызмет етуге дайын екендерін атап өтті.

— Коронавирустық пандемия кезінде медицина қызметкерлері провизорлық ауруханаларда тәуліктеп кезекшілік етіп, айлап жақындарын көрмеді. Олар әрбір науқас үшін жанқиярлықпен күресіп, Отанға және халыққа деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Біз өскелең ұрпаққа патриотизмнің үлгісін көрсетуге әлі де болса дайынбыз, – деді Дарын Әбілжанов.

Кездесу соңында дөңгелек үстелге қатысушылар марапатталды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары Мемлекеттік рәміздері бар кәдесыйлар алды, ал тағы төрт қарағандылық алғыс хаттармен марапатталды. Олар – «Таңшолпан» балалар үйі директорының орынбасары Шахмарал Қабылова, Абай ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Владислав Кирей, полиция департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасы әскери және арнайы қамтамасыз ету бөлімінің аға инспекторы Дәулет Омарбеков және Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясы бастығының көмекшісі, полиция полковнигі Серғали Тоқтарбеков.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button