Мереке қарсаңындағы экскурсия
Бұқар жырау аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Әбжанова мен осы мекеменің әлеуметтік көмек бөлімінің меңгерушісі Тоқтар Қайруллаевтің ұйымдастыруымен Халықаралық қарттар күні қарсаңында ботақаралық бір топ қария Қарағанды қаласындағы Достық үйіне барып, экскурсия жасап қайтты.
Оларды бұл жерде Достық үйінің маманы Мүгілсім Шибаева қарсы алып,ондағы барлық кабинеттерді аралатып көрсетіп,олар жайлы кеңінен түсінік берді.
Ботақаралық қариялар мұнда «Мәміле» клубының, этномәдени орталықтардың жұмысымен, мұражаймен және оның экспонаттарымен, түрлі ұлттың музыкалық аспаптарымен танысты.
Өздері де сол аспаптарда ойнап,шырқаған әндерін қызыл сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына арнады.
Сондай-ақ олар викторинаға қатысып, оның сұрақтарына дұрыс жауап бергендері сыйлыққа кітап алды. Сол сияқты аквариум залды тамашалап, экскурсия соңында көрермендер залында жерлестері Қалиасқар Шыныбектегінің «Ботақара вальсі» әнін бәрі қосылып шырқады.
Бұл экскурсия ботақаралық қарттардың көңілдерін бір серпілтіп, көпке дейін естен кетпестей қуаныш сыйлады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан