Жаңалықтар

Мерейтойлық маусым ашылады

Биыл «Арқаның Ақсарайы» атанған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрына 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт қазақ рухының шырақшысына айналған театрдың даңқы күллі Қазақия даласына мәлім. Мұнда көптеген мүйізі қарағайдай режиссерлар мен актерлар және басқа да білікті мамандар еңбек етті. Сол сара жол бүгінгі таңда да ұрпақ жалғастығын табуда. Міне, 23 қыркүйек сағат 18:30-да асыға күткен үзілістен кейінгі 90-шы мерейтойлық маусымының салтанатты ашылуы театрдың үлкен залында өтеді. Онда көрермендер қазақ әдебиетінің классигі Ғабит МҮСІРЕПОВТІҢ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын Теміржан ЖАНБОТАЕВТЫҢ режиссерлігімен тамашалайды. Сахналық сценографиясын жасаған белгілі театр суретшісі – Қанат МАҚСҰТОВ.

Сәкен театрының 90 жылдық тарихында осымен 5-ші рет қойылып отырған ұлттық классика жауhары бұл жолы терең тарихтан тамырланып, тас дәуірі мен Қорқыт заманынан сыр тартады. Алтын уақытын бөліп келген көрермен рухани серпіліп қайтары анық. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы – мәңгі өлмейтін махаббат дастаны, арманына жете алмаған қос ғашықтың трагедиясы. Қазіргі адамдар арасындағы рухани қарым-қатынас азайып, техника адамзатты тасбауыр ете бастаған тұста бұл қойылым жүректі жібітіп, көңіл сарайын ашуға таптырмас мүмкіндік. Шынайы махаббат пен сүйіспеншілікке кедергі болған қатыгез әке үкімі, қатал тағдыр тәлкегі, байлық пен кедейлік тартысы – екі жасты ізгі арман, адал ниеттеріне жеткізбегені адам жанын тыпыршытып ала­сұруға, махаббат үшін күресуге жетелейді. Баянын іздеген жас батыр Қозының адал ақ жолына тұрған іші тар Қодар, алаң көңіл қос мұңлық – Мақпал мен Күнікей, арам ниет Жантық, серттен тайған әке Қарабай – өміршең лиро-эпос жырының негізгі кейіпкерлері. Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туғанына 80 жылдан асқан Қозы мен Баянның мәңгілік жыры – пәк махаббат сезімін, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық адалдық қасиеттерді арқау еткен. Басты рөлдерде және көпшілік сахнасында негізінен театрдың жас буын артистері сомдайды. Олардың шеберлігіне белгілі театр саласының мамандары жоғары баға берген.

– Биыл мерейтойға байланысты біраз жаңалық бар. Мәселен, қазан айының 11- 16 аралығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі өтеді. Бұдан бөлек, «Сүйіктім менің – Электра» және Қасым Аманжолов туралы «Рахымжанның Қасымы» музыкалық драмасы қойылады. Жаңалық көп, қалғанын бүгін кешкі сағат 17:00-де маусымашар қойылым алдында өтетін баспасөз мәслихатында айтамыз. Барлығыңызды кешке Сәкен театрында күтеміз, – деді театрдың жаңадан тағайындалған көркемдік жетекшісі Айдын Абзалбекұлы.

Залдың толтырылуы – 30 пайыз, яғни, 180 көрерменге рұқсат берілгенін атап өткен жөн. Барлық билет сатылып кеткен. Театр «Asһyq» жүйесімен жұмыс істейді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button