Қазақстан Астанасының ширек ғасырлық мерейтойы алдындағы 4 шілде күні Саран қаласының Достық үйінде осы елді мекенде тұратын «Мерейлі отбасы» марапатталды.
– Бұл жолы Елордамыздың 25 және ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының 10 жылдық мерейтойлары қатар келді. Оған осы байқауға қатысуға өтініш беріп, қалалық комиссияның іріктеуінен өтіп, жеңімпаз атанған отбасылардың мүшелері тегіс шақырылды, – дейді Саран қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева.
Марапаттау рәсімінің шымылдығын жергілікті өнерпаз Николай Посохов қазақтың халық әні «Бір баланы» саксофонда ойнап ашып, балабақша бүлдіршіндері «Менің Қазақстаным» деген би-хореографиялық композициясын ұсынса, Әсел Серікбекқызы әннен шашу шашты.
Бұдан кейін кеш тізгінін «Мерейлі отбасы – 2018» қалалық байқауының жеңімпаздары Гүлзият Ханафина мен оның ұлы Жексембай Нұрахмет қолдарына алып, түрлі аталымдар бойынша жеңіске жеткен 9 отбасыны кезек-кезек сахна төріне шақырумен болды. Бұлардың арасында Байқадамов, Горбунов, Дәндібаев, Исабаев, Мұхамедкәрім, Панзин, Пехтерев, Тілеубеков, Умархуджаевтардың отбасылары бар. Осылардың ішінен «Үлгілі отбасы», «Ұлағатты отбасы», тағы да басқа аталымдар бойынша алға шығып, мәртебеге ие болған 6 отбасына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Келесі кезекте жүлделі ІІІ орын алған Горбуновтар отбасына диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты, ІІ орын иесі Байқадамовтар отбасына диплом мен 200 мың теңгенің сертификаты, ал І орын иегері Дәндібаевтар отбасына диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты берілді.
Достық үйінде өткен мерейлі отбасыларды марапаттау жиынын қорытындылай келе, Саран қаласы әкімінің орынбасары Еркін Баулықов жеңімпаздардың баршасын жүлделерімен құттықтап, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне жолдама алған Байқадамовтар мен Дәндібаевтардың отбасыларына ақ жол тіледі.
Ержан ИМАШ,
САРАН
Ortalyq.kz