Мерейлі мектеп мерекесі
Елімізде мыңдаған мектептер бар. Олардың әрқайсының өзіндік даму жолы елден ерек. Қарағандының орталығында, Нұркен Әбдіров даңғылында орналасқан №58 жалпы білім беретін мектеп мерейлі мерекесін атап өтті.

Тәуелсіздік күнінде Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінде тағылымы мол тарихи білім ордасы.
Алғашқы кезде бұл ғимаратта Қарағанды педагогикалық институтының денешынықтыру, музыка және көркем-өнер факультеттері жұмыс істеді. 1974 жылы аталған факультеттер Оңтүстік-Шығыс ауданына көшіп, мектеп шағын ауданның балаларын қабылдай бастады. 1975 жылғы 1 қыркүйекте 1200 оқушы болып, 45 мұғалім сабақ берді.
«Өткенсіз бүгін жоқ» дегендей, 50 жылдық тарихында мектеп өмірінде талай ұстаздар өздерінің өшпестей ізін қалдырды. Әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, асқақтаған арман қиялына жан бітіріп, санасына ақыл ұялатып, жаңа өмір жолына жол сілтеген ұстаздар мереке күні 10-11 сынып оқушыларымен қосылып, мектеп гимні «Нұркен қырандарын» шырқады. Үздік ұстаздар марапатталып, мерекелік кешті тамашалады.
Мектепте 2013 жылдан бастап, қазіргі «Жас Сарбаз» сыныптарынан тәрбие мен оқытудың гендерлік типі бойынша тәжірибелік кадет сыныптары ашылды. Мектеп мерекесінде жас сарбаздар салтанатты жағдайда Отанға, мектепке адал болуға ант берді.
Айта кеткен жөн, «Жас Сарбаз» сыныптары Қарағанды қаласының әскери бөлімдерімен және жоғары оқу орындарымен 17 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
Сонымен қатар, Мәскеуде 2 мәрте өткен 3 және 4 Халықаралық Кадет балының қатысушылары, 2019, 2020 жылдары Киев қаласында өткен «ISF World CooI Games 2019-2020» халықаралық мектеп спорттық ойындарында Әзірбайжан, Қазақстан, Украина, Грузия, Қытай, Молдова, Хорватия елдерінің командалары қатысуымен өткен жарыста «Арыстан» командасы ел намысын қорғап жеңімпаз атанды.
«Жас Ұлан» әскери-патриоттық клубы «Айбын – 2019-2024» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің намысын қорғап, бас жүлдені жеңіп алды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»