Бас тақырып

Мерейді тасытқан мереке шуағы

Республика күні қарсаңында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрында түрлі кәсіп өкілдеріне мемлекеттік наградалар мен «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы табысталды. Мемлекеттік наградаларды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан тапсырды. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Шараға облыстың Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс және мәслихат депутаттары, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен сауда объектілерінің басшылары, партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының, діни конфессиялардың өкілдері, қалалар мен аудандардың әкімдері, білім беру, денсау­лық сақтау, спорт, мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ, жастар қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Ермағанбет Қабдулаұлы жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, өңірдің негізгі жетістіктерін атап өтіп, әрі өркендеу тіледі.

Бұл – тәуелсіз ел болуға батыл қадам жасалған тарихи күн. Оның маңызын Мемлекет басшысы «елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы» деп атап көрсетті. Бұл – егемен ел болғанымызға шүкір етіп, тәуелсіздігіміздің қадірін түйсінетін күн. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан өзін халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде мойындатты, ғаламдық деңгейде маңызды бастамалар көтеріп, аймақтық көшбасшыға айналды, – деген ол елімізде кейінгі жылдары орын алған оң саяси өзгерістерге тоқталды. Олардың барлығы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Одан бөлек, аймақ басшысы Президенттің биылғы Жолдауында Саран қаласының экономикасын диверсификациялау тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі ретінде атап, оны қолдану жөнінде арнайы тапсырма бергеніне де тоқталды.

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мәселен, облыста 1 мыңнан аса өнеркәсіптік, энергетикалық және құрылыс кәсіпорны бар, онда жарты миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.

– Биыл жерлестеріміз түрлі деңгейдегі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың ішінде, металлургтер, шахтерлер, педагогтар мен дәрігерлер, шығармашылық орта өкілдері, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар бар. Бұл – «Еңбегіне қарай – құрмет» қағидасының мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғанын, қоғамымызда еңбек адамының мәртебесі артқанын көрсетеді, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Облыс әкімі өңірдің нағыз байлығы – талантты, еңбекқор және адал адамдар екенін атап өтті. Бұл біздің басты байлығымыз және бәсекелестік артықшылығымыз: дәстүр бойынша Қарағанды бүкіл ел үшін ең жақсы кадрлардың ұстаханасы саналады.

– Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз адами капиталды одан әрі дамытуымыз керек. Сондықтан, техникалық және білікті жұмысшы кадрларды даярлау бойынша білім беру кластерін құру жоспарда бар. Колледждерде арнайы орта білім беруді өндірістік практикамен интеграциялау үшін жақсы материалдық-техникалық база жасақталған. Нәтижесінде, облыс жастарының 60%-ы – жұмысшы мамандықтарын меңгерген. Олар – нақты өмірлік бағдарлары бар жігерлі, еңбекқор, отансүйгіш жастар.

Болашақта облысымыз өнеркәсіп және экономиканың басқа салалары үшін жетекші маман жеткізушілердің бірі ретінде өзінің беделін нығайта алады, – деді аймақ басшысы.

Президент Жарлығымен Қарағанды облысының 44 тұрғыны «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталды.

Марапатталғандардың арасында жұмысшылар, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, еңбек ардагерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар және басқа салалардың өкілдері бар.

Сонымен, «Парасат» орденін «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Нұрланбаев алды.

II дәрежелі «Достық» орденімен KamaTyres ЖШС директоры Радия Бурганова, «Мередиан компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Александр Критский марапатталды.

«Құрмет» ордені Е.Бөкетов атындағы ҚарУ кафедрасының профессоры Қамашке Асановқа, №3 емхананың директоры Сәния Боранқұловаға, «Сүт ферма рамадан» ЖШС директоры Жарас Қанапинге, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжановқа, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховқа, «Қарағанды су қоймалары» мекемесінің басшысы Мира Махатчинаға, Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd ЖШС бас директоры Бегалы Оразбековке, Қарағанды медицина университетінің профессоры Наиля Шевелеваға берілді.

ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне «Qarmet» акционерлік қоғамы көмір департаментінің «Шахтинск» шахтасының үңгушісі Болат Молдайтов лайықты деп танылды.

III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Asia ferroalloys ЖШС балқытушысы Геннадий Гулевский, «Абай тігін фабрикасы» ЖШС цехының тігіншісі Қамария Жәкенова, «Құрылысмет» ЖШС токарі Александр Кашин алды.

«Ерлігі үшін» медаліне Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімше командирі Ермұхан Ахмедиев және «Qarmet» акционерлік қоғамы көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасының үңгушісі Еркін Ахметов лайық деп танылды.

Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалімен еңбек ардагері Хайролла Әбілов, Абай ауданының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Бауыржан Аманбаев, «Жалықбас» шаруа қожалығының басшысы Марат Баймағанбетов, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» кәсіпорнының Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша филиалының сарапшысы Гүлзада Жанаева, еңбек ардагерлері Ойрат Жүкібаев, Рысбай Жүнісов, Ydd Corporation жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кран машинисі Алексей Иванов, «Ер-Тай» ЖШС Приозерск филиалының директоры Талғат Қарабалаев, Бұқар жырау ауданының Үштөбе тірек мектебінің педагогы Берік Қарашолақов, Қарағанды тау-кен индустриалды колледжі директорының орынбасары Олег Кастальский, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Ольга Кравцова, Qarmet АҚ бастығы Мұрат Көлбаев, С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің педагогы Әсем Қызырова, Kazakhmys Smelting ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының балқытушысы Владимир Лейман, №45 Қарағанды гимназиясының мұғалімі Айнагүл Майлыбекова, облыс әкімдігінің іс басқармасының кезекші механигі Нұрлан Мұқатов, «Байбатыр KZ» ЖШС басшысы Бауыржан Мұсақанов, «Нұр-СХ» ЖШС құрылтайшысы Ержан Нашаров, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Махмұт Садықанов, Qarmet АҚ Көмір департаментінің «Саран» шахтасының электрослесары Игорь Свиридов, Шұбаркөл Көмір» АҚ жүргізушісі Қайрат Серіков, «Қуаныш Строй Каз» ЖШС трактортиегішінің жүргізушісі Қайрат Тұрлыбеков марапатталды.

«Шапағат» медалін Шәкәрім атындағы гимназияның мұғалімі Гүлмира Жүрсәлімова, Осакаров аудандық ауруханасының дәрігері Жұмаш Нұрмұханбетова, Қарағанды қаласындағы №4 емхана директорының орынбасары Салтанат Шайдарова алды.

Республика күні қарсаңында облыстық мәслихаттың XVIII сессиясының шешімімен өңірдің жекелеген азаматтарына «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы берілген болатын. Олар – еңбек сіңірген жаттықтырушы, самбодан спорт шебері Диқанбай Биткөзов, мемлекеттік қайраткер Камалтин Мұхамеджанов пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Екатерина Кузнецова.

Диқанбай Биткөзов жетпісінші жылдары Жаңаарқа ауданында агроном болып жұмыс істей жүріп, өз бастамасымен спорт секцияларын ұйымдастырып, еліміздің болашақ чемпиондарын дайындаған. Жаттықтырушылық жұмысының барлық жылдарында ол 150-ден астам спорт шеберлерін дайындады. Диқанбай Биткөзов қазір де бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосуда. Оның басшылығымен Қарағанды облысының спортшылары Әлем, Еуропа және Азия кубоктарында үлкен жеңістер мен табыстарға қол жеткізуде.

– Бүгінгі атақ – менің 60 жылдық еңбегімнің жемісі. Менің көптеген марапаттарым бар. Олар – «ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі», Еңбек Қызыл Ту ордені, Еңбек ері. Спортта биіктерге жеттім деген ойдамын. Осы уақытқа дейін 200-ден астам спорт шеберін, 23 халықаралық деңгейдегі спорт шеберін, 5 әлем чемпионын, 20-дан астам Азия чемпионын дайындадым. Әлі күнге дейін жұмыс істеймін және жаттықтырамын, – дейді 83 жастағы Диқанбай Биткөзов.

Жиын облыс әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button