Менталитеттің көркем туындысы
Діни, партиялық, рулық бөліністерден биік, баршаны жұдырықша жұмылдырып, бес саусақтай біріктіретін мемлекетте жалқы әрі орнын ештеңе алмастыра алмас бір ғана дүние бар. Ол – рәміздер. Дүниежүзіндегі мемлекеттің ресми рәмізділігі қазақ үшін қастерлі ошақтың үш бұтындай, үш бірліктен тұрады – Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Әнұран. 4 маусым – сол елдіктің ерекше күні. Бұл күні рәміздің төркініне тоқталып, тарихын түгендеу – шарт емес. Ел тәуелсіздігін алғанда елдіктің белгісі – рәміздердің қалай дүниеге келгені бұған дейін талай тамсанып айтылды. Ендігі мақсат та жалғыз-ақ. Ол – рәміздерге құрметті еселеу. Уақыттың талап етері де осы. Сол арқылы ұрпақтың тұла бойына отансүйгіштікті тұндыру. Дегенмен, бұл орайда бүгінгі ұрпақ, шыны керек, бізден гөрі бақыттырақ…
Бір кезде көшеде келе жатқан балақайдың көлік нөмеріндегі Көк Тудың бейнесін көргенде тоқтай қалып, қолын жүрегінің тұсына қойып, Әнұранды шырқай жөнелгені әлеужеліні шарлап кеткен-ді. Ол бейнежазба бір жылдары әлеужеліде әжептәуір лүпіл жинады. Кішкентай жүректегі елге, жерге деген алапат сезімді көріп, еріксіз жүрегіміз елжірегені рас-ты. Әлі күнге сол жазба еске түссе, Отанын сүйетін ұрпақтың барлығы жаураған жанды жылытады. Бүгінгі ұрпақ бізден бақыттырақ дегеніміз содан да. Еркін елдің бостан ұл-қызы азат ойлы, еркіндіктің ен даласында бұла өсіп келе жатқаны өтірік емес.
Сондықтан да, Құдайға шүкір дейік. Қазір түн ортасында ұйқысынан оятып, сұрасаңыз, Әнұранды жатқа айтатын бала бар. Көк Туына оранып, әлемдік арена-сахналарда атой салған саңлақтар қаншама. Елтаңбаны елінің көзіндей көретін толқын тағы бар. Әнұранды әспеттеп, Туды киедей жамылып, Елтаңбаны бойтұмардай тағынған ұрпақ қалыптасты. Дүбара, дүдәмал кептен, дана һәм дара кепке бой ұсынды ұрпақ. Өйткені, 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған мемлекеттік рәміздерде осындай кие әрі қасиет бар. Сол қасиетті қадірлей білу – парыз.
Отандастарымыз Қазақстан Туын әлемдік жарыстар мен олимпиадалардың жеңісті жолдарымен төрт мың рет ұстап жүріп, оны ғаламшардың баруға жолы ең қиын түрлі жерлеріне, ең биік тау шындарына және ғарышқа тіккенін еске алсақ, елдік нышанының мемлекет мерейін қанша тасытқанын аңғару қиын емес.
Мәселен, 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Жер шарын 150-ден астам рет айналып ұшты. 2011 жылдың 14 желтоқсанында Оңтүстік Полюске шығудың 100 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасының Туы Антарктидада тігілді. Санамаласақ, Көк Ту желбіреген түрлі шыңдар мен биіктіктер аз емес.
Туымыз Арктикада, Іле Алатауында, Оңтүстік Африканың ең биік нүктесі – «Охос-дель-Саладода», Солтүстік Американың ең биік тауы – «Мак-Кинли» шыңында, Батыс Еуропаның ең биік нүктесі «Монбланға» көтерілген. Еліміздің Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Әнұраны Азия мен бүкіл әлемнің ең биік шыңдары – Памир тауының «Ленин» шыңына (7134 метр) және Эвересте (8800 метр) көтеріліп, шырқалғаны тарихтан мәлім. Мұның бәрі – көкірегі ояудың көмейіне өксік тығып, көңілін қобалжытатын құбылыс.
Себебі ол рәміздер – саналыға еліміздің бастан кешкен мәдениеті, тарихы мен менталитетіміздің көркем туындысы. Онда ұлттық идея да бар. Ұлтын сүйген ұл-қыз осыны ұғынуы тиіс-ті.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»