Жаңалықтар

Меншік құқығы – қорғауда

    Облыстық Әділет департаментіндегі баспасөз мәслихатында меншік құқықтарын қорғау жөнінде 2016 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар сөз болды.

Жалпы, зияткерлік меншік құқықтарын тиісті деңгейде қорғау – экономикалық сипаттағы мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдердің маңызды тұсы саналады. Осы ретте құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әділет департаменті мамандарының айтуынша, олар осы уақытқа дейін Атамекен кәсіпкерлер палатасы, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару бойынша ұйымдары, жоғары оқу орындары, авторлар және құқық иеленушілермен бірлесіп біраз жұмыстың басын қайырған.

Нариман ЕСЕБАЕВ, Қарағанды облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары:

Өткен жылы облыстық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бөлімінің және аумақтық бөлімшелерінің мамандарымен үш тексеру жұмысы жүргізіліп, үш құқық бұзушылық ісі анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке екі адам тартылып, бір материал қарастырылуда. 103929 теңге сомасына айыппұл салынды. Есепті кезеңде әділет басқармасының қызметкерлері “Tayota”, “Lexus”, “Ikea” тауар таңбаларын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.Тексеру нәтижесінде жарнамалық баннерлер, маңдайшалар тәркіленді.Заңды бұзушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту және алынған мүлікті тәркілеумен қоса айыппұлды өндіріп алу жөнінде соттың қаулысы шығарылды.

Мәліметке сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда 2016 жылы жүргізілген тексерулер саны 62,5% – ға төмендеген. Тексерістер тауар белгілеріне құқық иеленушілердің сұранымы негізінде жүретіндіктен, олардың әкімшілік тәртіппен құқықтарын қорғау белсенділігі төмендеген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің 2014-2018 жылдардағы Стратегиялық жоспарда анықталған бағыттарын ескере отырып, есепті кезеңде құқықтық түсіндіру шаралары 18%-ға артқан. Оған қоса алдағы уақытта «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» жобасына орай зияткерлік меншік құқығын қорғау және сақтау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізілмек. Заң жобасы ғылыми-техникалық прогрестің және еркін бәсекенің дамуына бағытталып, зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік кедергілер тудыратын нормаларды жою мақсатында әзірленді.

Заң жобасында зияткерлік меншік объектілерін тіркеуде бір деңгейлі жүйе құру мақсаты көзделген. Сараптама ұйымына (РМК «Ұлттық зияткерлік меншік институтына») зияткерлік меншік объектілеріне құқық беруді тіркеу бойынша өкілеттікті табыстау қамтылған. Сондай-ақ, дауларды сотқа дейінгі қарастыру мүмкіндігін ұлғайту, тауар белгісіне қатысты дауларда құқық иеленушілерді өтемақымен қамтамасыз ету, тауарлық белгіге мәлімдемені сараптама ұйымына түскеннен бастап жариялау, келісім шарттарды тіркеу тәртібін жеңілдету қарастырылмақ.

Қазіргі таңда заң жобасын жария ету жоспары құрылған, оны іске асыру шеңберінде әділет органдарымен ауқымды құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда еліміз халықаралық конвенциялар бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымы алдында өзінің халықаралық міндеттемелерін ойдағыдай орындап отыр. Авторлық туындылар және өнеркәсіптік меншікті заңсыз қолдану деңгейін төмендету – елімізге халықаралық саудада жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Сондықтан, әрбір тұтынушы зияткерлік меншік құқықтарын сақтау арқылы отандық, әлемдік мәдениет пен экономиканың дамуына үлкен үлес қосатынын ескеруі тиіс.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button