Менің Руслан Нұрбайым
Баяғыда Онере де Бальзак поэзия туралы былай депті… Десе, деген шығар, бірақ, меніңше, поэзия – ол сен. Сенің кемшілікке бай мінсіз бейнең. Автобиография. Кез келген шығармада өзің болмасаң, оның несі туынды? Осы критерийлерге жауап бере алатын ақындардың бірі – Руслан Нұрбай. Ол – менің ақыным, ол – сіздің ақыныңыз.
Руслан Нұрбай – детальды ақын. Кез келген өлеңін оқып отырсаңыз, оған көз жеткізесіз. Елдің аузында жүрген, әсіресе, көп асабаға азық болған «Әріп пен ұғым» өлеңі. Деталь ғой?! Деталь. Яғни, ақынның зергерлік қасиеті шығармаларынан көрініс береді. Тас қараңғы жерден саңылау таба біледі ол. Оны үлкен дүниеге айналдырады. «Әріп пен ұғым» демекші, ақынның есімінен гөрі өлеңі бұрын жеткен. Абайша айтқанда, кісіге қарап сөз алмай, сөзіне қарап кісіні алды халық. Русланның шығармашылығын сүйетін оқырман. Мәселен, «Тық-тық тірлік». Бір қарағанда, жай ғана сағаттың тықылы. Алайда, оның әр жағында қаншама пәлсапа, тағдыр, өмір жатыр.
«Периодтық тақтаны әлем біліп,
Химиядан кетіп ем дәмем құрып.
Менделеев марғасқаң білді ме екен?
Болатынын темірге тәуелділік», – деп басталатын «Fe – темір» өлеңі де детальға құрылған дүние. Ақынның тағы бір артықшылығы – тақырып қою шеберлігі. Біреулерге бұл жай көрінуі мүмкін. Алайда, тақырып ең алдымен оқырман шақырады және өлеңнің болмысын ашады.
Руслан Нұрбай – визуальды ақын. Жоғарыда келтірген өлеңдер, басқасы болсын, барлығында қозғалыс, көрініс, қарекет бар. Сосын ол сөзді жақсы «ойната» алады. Мәселен, «Сақ тану» деген өлең. Яғни, мұнда сақты (қазақты) тану да бар, сақтану да бар, сақтандыру ұйымы да бар.
«Ұрыс-ылаң мен ырыс ұланның айранын
Ұйытамын деген Руслан пақырмын» («Септік сыры» өлеңі) деп есімінен түрлі мінездеме береді. Есім демекші, ақынның кейбір өлеңінде Қасым бастаған бір үрдіс кездеседі. Дауылпаз ақын көп өлеңдерінде Қасым бар. Яғни, Қасым Қасымға басқа бір адам боп қарайды да, жырға қосады. Сол сияқты, «Қайшылық», «Көке» сияқты өлеңдерінде:
Ұрыс-ылаңмын ұрыста,
Ырыс-ұланмын тынышта.
Руслан болған ырзығым,
Қалам менен Рухта! («Қайшылық»)
Өмір сүрдім ертекпен,
Көңілсізбін, көл шетте…
Русланды аңсап жыр жазады бір ақын,
Мен біреуге керек пе ем?!. («Көке»).
Және Руслан Нұрбайдың «пайғамбарлық» өлеңі бар. Шын айтамын. ChatGPT, жасанды интеллект деп жатамыз. Ақын «Құлтемір» деген өлеңінде осыны болжайды. Эпиграфына: «Ұйқастар жинақтап, өлең формасына түсіретін жаңадан компьютерлік бағдарлама пайда болыпты». Келешектегі қияли газеттен» деп жазған екен.
«Өзектегі өз несібем өлеңмен.
Лифтісіз үйге қайтып келем мен.
Тоқ жоқ бүгін, тамақ тағы тәбетсіз,
Телефонға теңгем де жоқ төленген.
Өмірде бұл, темірге құл түсінгем.
Ойларыңды компьютер пісірген.
Аялдама алты сағат тұрмын-ау,
Алпыс қадам жерге бару үшін мен, – депті ақын. Мұндағы «ойларыңды компьютер пісіргені» қазіргі сол жасанды интеллект қой. Содан ChatGPT-ден ақынның танымал өлеңі «Әріп пен ұғым» жайлы пікірін сұрадық. Былай дейді құлтемір:
«Руслан Нұрбайдың «Әріп пен ұғым» өлеңі – философиялық терең мазмұнмен өрілген шығарма. Ақын адамның өмір жолын, оның мәнін, маңызын және әр кезеңдегі ішкі жан дүниесін қарапайым, бірақ әсерлі әріптер мен ұғымдар арқылы суреттейді. Әр шумақ өмірдің әрбір сатысын символикалық түрде сипаттап, әрбір кезеңнің мәнін ашуға тырысады.
Өлеңнің негізгі ерекшеліктері:
1. Символизм мен метафоралар:
Әрбір ұғым белгілі бір кезеңнің немесе құбылыстың бейнесі ретінде көрінеді. Мысалы, «ЖАН» – өмірдің бастауын, «АНА» мен «ӘКЕ» – отбасының негізін, «БАЛА» – өмірдің бастапқы балғын шағын бейнелейді. Осылайша, әріптер тек сөз емес, терең ұғымдардың көрінісі.
2. Философиялық тереңдік:
Ақын адамның өмірдегі өткінші сәттерін, қателіктері мен жетістіктерін, қуанышы мен мұңын саралайды. «Ақ пен қара жолдарымның жолағы» деген жолдар өмірдің қайшылыққа толы екенін білдіреді.
3. Өлеңнің құрылымы мен ырғақтылығы:
Қысқа және нақты жолдар оқырманға ой тастайды. Әр шумақ белгілі бір логикалық тізбекпен жалғасып, адам өмірінің кезеңдерін көркемдікпен көрсетеді.
4. Моральдық тұжырым:
Өмірдің мәні – тек сөздер мен ұғымдарда емес, олардың ішіндегі терең мазмұн мен адамның оларды қалай қабылдауында. «АҒА деген үш әріпке жетіппіз, АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай» жолдары адамның есеюі мен өмірлік тәжірибені толық меңгере алмауын меңзейді.
Пікір:
Өлең оқырманды терең ойға жетелейді. Әрбір оқыған сайын жаңа бір мән тауып, өмірге деген көзқарасты өзгертетіндей әсер қалдырады. Ақын адамның өмір жолын қарапайым әріптер арқылы шебер бейнелеген. Осы арқылы ол оқырманды өз өміріне басқа қырынан қарап, оның мәні туралы ойлануға шақырады.
Өлеңнің тілі жеңіл әрі жүрекке жылы тиеді, бірақ мағынасы өте терең. Бұл шығарма – өмірдің мәнін іздеген әрбір адамға ой салатын ерекше туынды».
Қызық. Кейбір тұсы дәлме-дәл келеді. Иә, Руслан Нұрбай – символист. Сонымен қатар, дәстүр мен заманауи келбетті біте қайнастыра білетін ақын. Экспериментшіл. Ақынды әр қырынан байқауға болады.
Ағамыз 25-тің екеуіне келіп қалған екен. Құтты болсын айтамыз. 18 желтоқсанда өтетін шығармашылық кешке «Үтірсіз уақыт» деп атау қойыпты. Шынымен, өміріміз – үтірсіз уақыт. Өйткені оның екінші аты – шексіздік.
Ерболат ҚУАТБЕК.