Жаңалықтар

«Менің ғазиз ғұмырымды жырларымнан іздегін…»

Сурет Е.Кеңесбекұлының жеке мұрағатынан

Жүрек жазбасы

Сәттерінен бәсіре алмас,
Қайран шағым аз ба осы?
Ғасырлар да өшіре алмас,
Жүрегімнің жазбасы.

Көксеген де армандаған
Бейнем осы көшелі.
Мөрдей қылып таңбалаған.
Күлік күндер кешегі.

Кілт бөгедім күдігімді.
Үмітімді үзбедім.
Менің ғазиз ғұмырымды,
Жырларымнан іздегін.

Төзімменен, өзімменен,
Жақындадым жырақтап.
Самал желдей сезімменен
Тағдыр кештім: тұрақтап.

Биіктерім желі жорға,
Сендерді мен сағындым.
Жерім барда, елім барда
Жамылмайды жаным мұң!

«Не тапсам да ниеттен» деп.
Еш кетпеді еңбегім.
Кенеуіме кенеттен кеп
Бейіш болды көргенім.

Болаттай боп балқығаным
Қадірімді қарайтпай.
Сабырымды сарқымадым.
Қалыбымды жоғалтпай.

Қаз тоқтамас қазанатың:
Ер қазағым, өзің барсың.
Саған ұрпақ аманатым.
Ізім қалсын, сөзім қалсын!

Жырлар мен жылдар

Омыртқасы он бөлек –
жылдарымның тәсбісі.
Ескерсе егер ел демек,
жырларымның дәс күші.

Жазбаханам қаңырап,
күл-күл болды ошағы.
Ақжүрегім аңырап:
ақбөкендей жосады.

Жырлар, жылдар қайрылып,
адамнан да ақылды.
Айран таң қып майырылып,
терең ойға батырды.

Мінезі тік ұлың ем:
жылдар етті емендей.
Тым өзгемін бүгін мен,
кете бердім тереңдей.

Назданғаным намаздай
Қабыл болып кетеді.
Өлең бітіп ол аздай:
лағыл болып жетеді.
Қамдануым қажет-ақ,
Жылдар жейді жанымды.
Өлеңдерім өжет-ақ,
Еселейтін бағымды.

Қаусаған қарт көкірек,
тағдырымнан деймін мен.
Ал, жырларым жетімек –
жан нұрымнан деймін мен.

Тауысқансып төзімді,
жылдар қашып жатады.
Мен емес-ау өзімді
жырлар жазып жатады.

Сіңіп кеткен мың жылға,
Арман, арман, арман-ай.
Қазық болған бір жырға
Елең-алаң жалған-ай!

Әке

Бұйығы күн кешетін,
қайран менің қарт әкем.
Жүрегімді сезетін,
есіл жаның жалқы екен.

Әр күніңді там-тұмдап,
тірнектеген асқарым.
Албарың да –
алтын бақ,
аяқталмас дастаным.

Қартаймағын әкешім,
салма мені сарсаң ғып.
Ғұмырымның қатесін –
кеше салар дарқандық.

Өлместіктің дәрісін,
саған тауып берейін.
«Әкем, әкем, әкем!» деп:
бүлкілдеп тұр көмейім.

Қасыңа кеп жайландым.
Көз алдымда –
суретің.
Қасиетіңнен айналдым,
ілуде бір күлетін…

Сәкішке

Секундтардың сыбыры,
кідіріссіз күндер-ай.
Күйкі тірлік күбірі
миығынан күлген –
Ай.

Қар қонақтап иыққа,
сұрамайды ол менен.
Сапарым –
жерұйықта, –
дүдамалдау жолменен.

Кеше тірі болған ем:
бүгін өліп барамын.
Мойын бұрып сонда әрең,
Жәудіредің қарағым!
Жүрек тоқтап қалады оқыс.
Алмасса да күз бен қыс.
Уақыт деген –
парадокс
Бақыт деген –
Сіз бен Біз.

Салтанат

Шашыңның иіскедім тозаңын да.
Сен барсың ғажабымда, азабымда.
Салтанат сені сүйіп үлгеріппін,
Тоғыз күндік жалғанның тозағында!

Өзіме баурап алып, қаратқаным.
Атыңды қайталадым алапқа мың.
Кетпейтін дәулет сыйлап
болмысыңа,
өшпейтін есім берген
жаратқаным!

Кез болса жүрегіңнен жырақтаған,
мен саған шақырымнан
сыр ақтарам.
Ғажайып ғұмырымның Салтанаты
бұл тағдыр кімді құздан
құлатпаған…

Аунатып жанарыңнан
жалғанды әрман.
Көркіңе жан бар ма әсте
таңданбаған.
Қабылтып ерендерді өз мұңыңа:
мендік жыр менен көшіп,
саған қалған!

Жүргендей зипа тұлғаң
нұрға шомып.
Жан едім сөзге сараң,
сырға берік.
Өзіңді жоғалтып ап,
алдым тауып,
жырымды жетім қалған
тыңда келіп…

Ығында есім жиып мәңгі
ызғардың.
Уақытқа қақпақылдар
қарыздармын.
Арманым адастырып айдалаға,
Жаным-ай,
мен қайыра жалғыз қалдым!

Қарасам,
тұтылып тұр аспан әлі…
Рәуішті аяқталмас дастан әрі.
Азадай мәрсиялы тұнжыраумен,
білмедім қандай күнім басталады.

Тәттісін шекер шақтың
татып ең кіл.
Сен мендік махаббаттың
атымен жүр.
Сал-дағы сан сарсаңға
қызғаныштан,
ал-дағы ақиқатты
атып өлтір!
Ілімпаз секілденген ілгерідегі.
Тергейді жұлып жеумен
күндер мені.
Ғасырым қателесіп келсе-дағы,
жасырын мұңымсың сен
гүлдердегі.

Еңісте еліктей боп егілсе күн.
Бұл күн де бағы ма еді сенің,
менің.
Тәкаппар қалыпқа еніп
былайғы елге,
Жүректе жалғызсырар
жетім сезім.

Бақыт кеп екеуміз де күлдік лекіп.
Біріміз бірімізден үздік кетіп,
Жарығым,
кетем бір күн көз алдыңнан,
Мәні жоқ мәңгілікке
сүңгіп кетіп!..

Алаулап менсіз, шіркін,
бір күн әріден.
Шарқ ұрып іздерсің бе,
жұлқынар ма ең.
Әйтеуір, жан жылуын
сыйлағанмен,
Бұл жырым сенен өзге
кімге жәрдем?!

Түйсігің сәуегейдей білгір еді.
Қабағың найзағайдай күркіреді.
Күнәмді жіпке тізіп жүргеніңде,
жаңбырың жаныма ауып
сілбіледі.

Мен сені еркелетем
«қарағым» деп.
Тұрады тап көзіме қарағың кеп.
Бір басым баршасына
міндеткерсің,
Ал, былай,
сұрауым жоқ,
обалым жоқ!

Соңынан сұқсыр күннің
қалыс қалмай.
Жүремін аласұрып арыстандай.
Керексіз еткеніңде шашылармын,
Шабылған басы шөптей
арыстардай…

Сыр іздеп сыралғыдай
жанарымның,
Қабылдың сары мұңға
қарағым мың.
Құлдилап шыңырауға
кетсем бір күн,
Жарығым,
таба қылмай,
тоба қылғын.

Көз талар көкжиекке жол алғасын.
Сөндірдім сартап мұңның
қоламтасын,
Салтанат, түсінеміз:
шерленеміз,
бір қате,
мың қатемен оңалмасын…

Назың да құстай болып
ұшты маған.
Алқынып жазғытұры қыс құлаған.
Кембағал тіршілікке қайран
қалам,
Көз емес бұла күнде
рух жылаған.

Момындай бүк түсерлік
зынданында,
мұндайда табылады кім жанымда.
Бөлеп ап бейішіңе кетсеңші алып,
Ериін
құшағыңның
құндағында!

«Өлген жүрек»

Дүниенің төрт бұрышы –
төрт тарап.
Төртеуі де бықсып жанған –
өрт-танап.
Ғарыштағы ардың соты бір бөлек,
Бұл жақта да –
жүрегімді соттамақ!

Жанарымнан қан боп аққан
мұң әні:
Есіл жаным күнәсіз
һәм күнәлі.
Езуімді тіледі әлі есіріп!
мендік жүрек
соққаны үшін кінәлі!

Бір райхан қыз маңдайымды
сүртті кеп.
Мына қоғам зәһәр-зәрін
бүркті кеп!
Жүрегімді
әлсін-әлсін «өлтірді»,
қаламының ұшыменен
түрткілеп!

Уа, құбыла, құбыла!
Сәл жымишы ұлыңа!
Асау жүрек ақырғы рет алқынып,
тағы бір рет тиді елдің жынына!

Бір басыма үйіп-төгіп кінәні,
мына жақтың таусылмады сұрағы!
Ардың соты қоңырауын қаққанша
«Өлген жүрек»
өмір сүре тұрады!

Аманат

Естілсе «әке» деген
үнің керім.
Бұл менің –
екі қайта тірілгенім.
Арафат сені есімнен кілт шығарсам,
Оң қолым сал боп қалсын,
ұлым менің.

Тіршілік бір жымияр түбі бізге.
Қайрылып құбадүмбіл
үнімізге.
Ұлым-ау,
ұлы күндер күтер сені,
Үміт үзбе!

Жатпаса кей шақтарда
көмегі үдеп.
Жақынның қай дәуірде ерені жоқ.
Қалтаңа баса салғын мұны:
«Әкемнің
пышаққа сап боларлық өлеңі»
деп!

Суретпен сұхбат

Барлығын да қойған әлем
мүмкін ғып.
Кеше. Бүгін.
Болған шығар бір сұмдық.
Сенің одан құтылғаның алдымен,
Жағдаяттың жарлығы деп
күрсіндік.

Ғұмыр бәрін жібермепті
қыршын ғып.
Өйткені оған қарсы тұрды
бір шындық.
Біздің ғазиз ғұмырымыз һақында
Кездейсоқтық деп айтуға
іркілдік.

Бұл қауымның суретінің ішінде
Тұр екенмін
сәл жұмбақтау пішінде.
Ешбір уақыт
ешкімге де ұқсамай
Бейнем әлгі –
беймәлімдеу мүсінде.

Мына қағаз –
сол кездердің дәйегі.
Болмысымыз өң-түсіміз
сай еді.
Марқұм болған сәттеріміз
тапжылмай,
Жалқын болған сәулелердің –
ай өңі.

Осындағы жанның бәрі
хабарсыз.
Тағдырлар-ай,
түгесілген табансыз.
Өткен күннің естелігіне айналып,
Фотосурет күн кешеді ажалсыз…

Теректің тағдыры

Түнде дауыл
жапырағын теректің,
Жалаңаштап жіберіпті ерек тым.

Бір жапырақ желмен бірге
ырғалып
Тағдырына тұрды еріксіз құр налып.

Жапырағын «жауға» берді
енді орман:
Келемежі таусылмаған
кем жалған!

Кларнет

Қош айтуда біздің уақыт
қатарымыз сиреді.
Көз ұшында күзгі бақыт –
қарға айналып биледі.

Ат қып мінген талшыбықты.
түймедақты үзген кез.
Жанға үйріп олқылықты
ғайып болды бірден
тез…

Шартабақ күн жасырынды
арқасына шыңдардың.
Ұзатып сап ғасырымды
айдың әнін тыңдармын.

Өткен шақтың бағасы артып,
терезеге телмірдік.
Қыркүйекті аласартып
желтоқсанға жеңдірдік.

Біздер өстіп жоғалармыз
сіңіп барып орманға.
Бір күрсініп қабарар күз
түймедақтар
солғанда…

Ермен

Шығармадым сөзімді.
Берік еттім өзімді.
Ермен бүрлеп кеткенде
Селдей етті сезімді.

Қоштаса да алмадық.
Сөз таусылған.
Таң жарық.
Орамалдың бір шетін
Дар айырдым,
Толғанып!

Есіл жанды
пәс қылдың.
Қабағымды
қас қылдың.
Орамалдың бір шетін
Кеудеме кеп тостырдым.

Не күтемін? –
кешемнен.
Табан жолмен дос ем мен.
Қайда барсам бүрлеп тұр,
Мәйексары –
осы ермен!

Қыз Жазық

Бұл болыста Жазық есімді зағип,
суырыпсалма ақын қыз бар екендігін
бұрынырақта естігенім бар…

Янушкеевичтің
сапарнамасынан

Ол кезде:
көл пәкизат шағалалы.
Ол кезде:
ел пәкизат бағаналы.
Шоң, Шорман
жұртын қорып дұшпанкөзден
айнадай тап-таза еді-ау
қарамағы!

Жыланбас шолпы таққан
бұрымына,
елітіп,
қылықтының қылығына.
Ерітіп,
күн сәулесін қыр басына,
өлеңнің
мейрің қанған
тұнығына.

Төркінін
сан тарихтың терең алсақ.
Күн мен күн айырығы –
ерен алшақ.
Өтіпті басымыздан небір заман:
зұлмат жыл,
бодан ғасыр,
керенау шақ!

Әр шоқым:
шежірелі заңғар аймақ.
Сол қазақ –
ғұмыр кешкен –
арманайлап.
Мезгілі
сәл өзгерек демесеңіз,
көзіңе тізбектелер:
андағайлап.

Айбары асқақтаса хан Кененің.
Желкенін еркін керіп, ән кеменің.
Қыз Жазық намысындай
Алты Алаштың
Төгіпті
төңірекке
зәрлі өлеңін.

Өз елін
қойша қырып қанағасын.
Аштырмай бай манаптың
оразасын.
Шер бүркіп,
қу таяқтан сұлтандардың
тірідей
шығарыпты жаназасын!..

Құдайдың құзырынан
әмір келсе,
тентекті тезге салған
тәлімгерше.
Көрсоқыр
көзі ашыққа тәлім айтар.
Тұлғасы пайғамбарша
тәңірленсе.

Ей!
Жалған!
Тауаныңа тәбділ қанша?!
Адам
ақынға айналар
тағдырланса.
Жырлапты:
Алатауда ақын Жазық.
Жылапты:
Қарқаралыда –
жалғыз арша!..

Үнсіздік

Кофе.
Кітап.
Жалғыздық.
Жіберетін кей уақытта «арсыз» ғып.
Телефонды «дыбыссызға» қаңтарып,
Әредікте әлдилейді мәнсіздік.

Кофе.
Кітап.Тыныштық.
Кірпік қақпай мүлгігенде ырыс-құт.
Пәруана пенделіктен арылып,
Өз-өзіңді үлгергенде «дұрыс» қып.

Кофе.
Кітап.
Сағыныш.
Жанымызды бұлттан биік алып ұш!
Жан нұрыңның дақ түсірмей реңіне,
Тағдырыңның табын іш!

Кофе. Кітап. Үнсіздік.
Жіберетін кей уақытта
«мұңсыз» ғып.
Күлді-бадам сұрқай күннен
жырақтап,
Күллі адамға жымиыспен күрсіндік.

Уақытқа наз

Әлдекімге айтамыз деп ән ізгі.
Әлденеше тоздырғанмен дәлізді.
Әлдеқашан өтегенмен қарызды.
Тағдыр бізді елемейтін тәрізді…

Жыл құсындай
жылдар ұшып не түрлі.
Дос та көп еді.
Сетінеді.
Не тынды?
Балапаның қанат қақты.
Бекінді.
Уақыт
беттен сүймей-тұғын секілді.

Ғұмыр бақи дәлелдеумен бағаңды.
Өзің емдеп,
өзің жазып,
жараңды.
Серіппедей сергіткенмен санаңды.
Қас қарайып,
түседі екен қараңғы…

Шұлығында тығылсақ та тұрмыстың.
Жұмырында жұтылсақ та жұмыстың!
Жүзінде ойнап жүгірсек те
қылыштың.
Көлге барып қайтайықшы
бір үш күн!

Өткеріп ап,
елегіңнен өткенді.
Кімдер сатқын.
Кімге жаның кектенді.
Кешірумен.
Кешуменен өткелді.
Саумал демін
жұтайықшы көктемгі!

Қамыстай боп су бетінде көктеген.
Әне кетті.
Міне кетті.
Кетті Өлең!
Сәбидей боп еш қасірет шекпеген.
Бала болып ойнайықшы отпенен.
Әне кетті.
Міне кетті.
Кетті Өлең!

Үн

Көлеңкелер кезіп кетті ғаламды.
Көлеңкелер тастап кетті адамды.
Топырағын жел кемірген жер шары,
Көзін жұмып мізбақпайтын боп алды.

Бұл ғалымның өліміндей күн еді.
Бұл ғаламның өліміндей күн еді.
Жұмыр жердің төріндеміз алайда,
Жер де біздің төрімізден ілгері.

Бөкендей боп безіп кеткен бөріден.
Мекендей боп қажып біткен көрінен.
Жолдың бәрі тұйықталып заматта,
Бетегесі сыдырылды белінен!

Атырабы өсек болып кеткен-ді.
Топырағы төсек болып кеткен-ді.
Көлік біткен көлеңкеден көп болып,
Көкжиек те көлеңкеге кектенді!

Ине шаншыр бос жері жоқ
барлардың!
Қанын ішкен асқаралы арманның.
Өліп-талған көлеңкелер күбірі
Көрнек-жарнақ
жарнамасы жалғанның.

Түгесілген түмен жұрттың мұраты.
Қырма сақал секілденіп қыраты.
Тарынысы – бір тарының қауызы
Қуарыпты, суалыпты суаты.

Көлеңкелер қиялына мас болды.
Көңіліне олардың да дәс толды.
Мейірімге медер болмай, мекер боп,
Көлеңкелер құрып жатты әскерді.

Ей, көлеңкем, ғафу ет!
Сені өсірген, мені өшірген – ғафілет!
Мұражайдың іші өлі тыныштық,
Өмір – Өлім – Ақырет!

Тойымы жоқ той секілді жебірге.
Ойыны көп ой жетілді кәуірде.
Көлеңкенің көлегейлі сұлбасы,
Бейуақытта сіңіп жатты қабірге.

Соқталының көксоқта еткен беделін.
Қараңғыда көлеңкені көремін.
Қапастан бір үн қарлығып шығады
«Иә – бостандық!!! Иә – өлім!!!»

Сен келдің маған өлең!

Алғай-алғай ғасырлардан,
Бұлдыр-бұлдыр күндерден.
Жастық шақтан асыр салған,
Әуелден әлдекімдерден,
Аппақ аппақ шабыттардан,
Дүсірінен тұлпардың,
Қиян қырдан қалып қалған
Саңқылынан сұңқардың!
Ақзер-ақзер армандардан,
Құшағынан құстардың,
Дөңгелетіп жалғанды әрман,
Сауытынан бұздардың
Қалғып қалған көк аспаннан,

Дәуірлердің бұлтынан.
Қамыққан мен адасқаннан,
Өкініштің сыртынан.
Сен келдің маған өлең!

Тұсамыс

Төрт тараптан тұсалып,
Бар ғұмырын құса ғып.
Күмәндансам керек қой,
Күдігімнен күш алып.
Жусаннан да жуас боп.
Қияннан да қияс боп.
Тақырды да тақ қылып,
Кетер өмір «лақтырып».
Дабыл қағып теңіздер!
Шырыл қағып егіздер.
Күлкісі шер шеріміз
Сең ішінен кен іздер!
Тозған сайын жаңарып.
Азған сайын ағарып.
Тастап кетпе тектілік,
Қазақтықты қаза ғып!
Алқан-талқан тағдырлы
Алқам-салқам сабырлы.
Өліп кетіп тірілсем,
Ішке бүгін сан сырды.
Құпиясындай құстардың.
Әрі сараң, іштармын.
Дүрбелеңі жанымның,
Тігісімнен қысқардым!
Көшесінде желінің
Әл-Мисақтан жерідім.
Айдан аппақ арымды
Оңаша алып кеңідім!

Жап-жалғыз

Тағдырыма не дауа?!
Келе жатам жап-жалғыз…
Мезгіл менен жер ауа,
қайта оралды бардам күз.

Күн кешумен бұйығы,
томағамды сыпырмай.
Іштегі дерт күйігі –
Келем содан құтылмай…

Жөнеп берген сағатқа, –
тіршіліктің сақшысы.
Тұрғызбайтын тағатқа,
ақсияды ақ тісі.

Туғаныңның қамшысы;
Бөтен жанның мейірі.
Бармыз әзір басқысы,
кемімеген пейілі…

«Сап, сап көңіл, сап көңіл»
Бұл фәниден не қайыр.
Ақын едік ақкөңіл:
елегізген едәуір!

Саяқтықтың сартабын,
кешіп келе жатырмын.
Жетім атқан әр таңын,
кесіп келе жатырмын!..

Талқысында тағдырдың,
тасталамын ұлардай.
Келе жатам жаңбырдың,
құшағынан шыға алмай!..

Оқылмайтын өлең

Санасында із қалмай,
кете барған қазағым.
Аспан тірер бұздардай,
ілбіп келеді азабың.

Қаны тамған жырымды
жерлеймін бе жүрекке?
Кешіргейсіз мұнымды,
есіркейсіз бір ретке.

Қалқып барып қайықтай,
телефонның бетінде.
Айта салам айыптай,
facebook-тің шетінде.

Жер тепкілеп егіле,
шындық шықты көлденең.
Жегіледі желіге
оқырманы жоқ өлең…

Сағыныш жауыны

Ю.Визбордың әуенімен

Сені жаңбыр жасырды ма екен,
Әйтеуір, тағдырың бөлек.
Мен күткен көктем аһ ұрды ма екен,
Жатпайтын сабырымды елеп.

Тек осы жазғытұрымда
жел неге
көп күрсінді екен…
Кірпияз, кінәз аз ғұмырымда
іздейтінімді
сен білсін деп ем…

Ұйқы шақырар дәрі бар дейді,
Көзіңді ілгізер қайғысыз, қамсыз.
Гитараның бір
шегі бар дейді.
Мұңнан серпіліп айығысқанбыз.

Ештеңе маған дәру болмады,
жартас мұң жартас қалпында.
Қос тағдыр сөйтіп жолыға алмады,
сағыныш жылап артында.

Ақылман да көп жанымды жейтін,
Жалғанға жантақ
болып кір деген…
Ай сәулесінен тамырды үзбейтін
оңтүстік барып тұр деген.

Арландай зарып айға қарадым,
Қолым бұлғаған орамал – үміт.
Көзіңнен үнсіз аймалағаным,
есіңе бір күн
оралады кілт…

Сені іздеп табам
шартарабыңнан,
Қаймығып қайтпай дауылдардан да.
Аспан менен жер алты алабыңнан.
Жаурап жасымай жауындардан да.

Үрпек үмітті үзбейтінің де
Ол сенің еншілесің ғой.
Өзің де мені іздейтініңді –
Сен білесің ғой!..

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button