Жаңалықтар

Менің Абайым (Ағымнан жарылғанда)

Сурет asiamedium.com

Бәріміз де кеудемізді ашып соның алдында түрмыз: кеудемізде қандай өрт? Кө­кірегімізде нендей дерт?!. Соның бәрі Абайдан айнаға түскендей көрініп тұр!
Мұхамед (с.ғ.с): «Менен кейін бұ дүниеге пайғамбарлар келмейді, – ақындар келеді!» деген. Бұл енді адамзат қоғамдас­тығындағы пайғамбарлық миссияны ақындар атқарады деген сөз-ді.

Пушкиннің «Пайғамбар» атты өлеңінде Тәңірі ел-жұртына бір ауыз лебіз айтсам деп, қолына қалам ұстаған адамның көкірегіндегі өлі етті суырып алып, оның орнына берісі – ұлтының, әрісі – адамзаттың асау рухы атойлаған асау жүректі ат ойнатып қоятыны хақында айтылған. Өлең емес – «Інжілдің» хикаясы бұл: Құдайдың осындай рухани операциясынан аман қалған адамның құлағына тірі жанға естілмейтін сиқыр дыбыстар шалынып, көзіне өзінен басқа жұмыр басты пендеге көрінбейтін құбылыстар көрінеді. Оның атын Поэзия дейді. Пушкиннің өзін пайғамбардай сезінетінінің түбі сол тәңірлік тезден төркіндейді. Қолына қалам ұстағанның бәрі жер бауырламай, өздерін Пушкинше ұстағанда, Алла адам баласынан дәл бүгінгідей теріс айналып кетпес еді… Пушкиннің «Пайғамбарының» тебіренісіне кенеліп, тереңіне бойлай алмаған пенденің қолына қалам ұстауға хақысы жоқ! Абай-Мағжан-Сұлтанмахмұт, Ілияс-Қасым-Мұқағали-Әуезов-Мағауиндер сол тұң­ғи­ықтың тереңіне жеткен соң телегей-теңіздей тебіреніп, жазушының пайғамбарлық миссиясын атқарып кетті…

Абайдың жазған-сызғандарына қарасаң, – бір-ақ том! Академиялық түсіндірмелерімен ғана әрең дегенде екі-үш том болып тұр… Мен де шатып, инерциямен көп шимайлап тастаған екем, Абайды телміріп оқыған соң, енді есімді жиып отырмын. Жинақтап қарасам, әрқайсысы 20-25 баспа табақтан 10 томдай дүние шықты. Алпыс алты жыл жазғаным екен, – іштен шыққан шұбар жылан; 6 том – өлеңдер мен поэмалар, бір том – қарасөзді компьютерден жойып жібердім! Үш том болды бәрі. Меніңше, бұ да көп…

Көз алдыңда тұра берсе, алаңдап, ақырында қимай қалады екенсің. Біз Абайдан кері, кейін шегініп барамыз! Біздікі бос әуре екен, әттең, өлең жазудың техникасын меңгеріп алып, бұрқыратып жаза беретін профессионалдық ақындықтың да айықпас бір дерт екенін Александр Блок баяғыда-ақ айтып кетіпті. Алдымызда Абайдай – ұлы үлгі тұрғанда мұнымыз не?! Енді ғұмырым жетсе, өз Абайым (М.Цветаеваның «Мой Пушкині» секілді) бір кітап жазып кетсем, арманым болмас еді? Енді, Алла жазса, соған отырам!

Дүниеде екі кітаптан қорқып, оларға онша тереңдемей, анда-санда, атүсті оқушы едім, біреуі – Құран, екіншісі – Абай. Құран мен Абайды ертеректеу оқығанда өлең жазбай кетуші едім, – ақымақтығымнан өлең жазып жүр екем?.. Құдайдың жөні осы еді! Қазір есіл-дертім – Абайда. Құранға ғұмырым жетпес. Поэзия – бекзада жанр. Ресей-совет өкіметі Пушкинді миллион тиражбен таратып, – оңбай қателесті… Ресей түгілі, бүкіл дүние жүзінде Пушкиннің жырынан рухани ләззат алатын миллион тұрғын жоқ қой?! Абайды миллиондаған қазақтың қаншасы түсінеді?

Абайдың томын ашқан сайын өзімнің ақымақтығым мен дарынсыздығымды аңғара бастағандаймын, (бас қойып оқымайтыным – содан!), мына опасыз дүниеден көресініңді көрген сайын Абайдың кітабын жаңа ашқандай боласың! Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын өлімге бола туған маңдайы қушық пенде құсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін, сонда ол сол сәттегі көңіл күйді тап басады! Дертіме одан басқа дауа таппай барамын: «Абай 1902 жылдан кейін өлең жазған жоқ», – дейді Мұхтар Әуезов. Ол сонда елу төрт жаста екен. Мен де бұрқыратып жазып жатырмын. Не тындырдым?! Қаламдастарыма қарасам, өзіме деген бір қанағат сезім лып етіп, Абайға қарасам… көкірегім сыздап, көңілім құлазып кетеді, – екі оттың ортасында жүрмін мен; оны оқыған сайын өзгелерге ғана емес, өзіме өзімнің көңілім толмай, көкірегім қарс айырылып барады…

«Негізі шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Ақын көп болмайды ғой. Абайдың тұсында, Мағжанның, Қасымның тұсында қаншама ақындар болды. Абайдың тұсында да қора мен қопсының айналасындағы ақындар болған. Бірақ, Абай бір өзі тарихта қалды. Негізі шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Оның бәрін уақыт сұрыптайды. Мәселен, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай дегеннен кейін сен өзің тосылып қаласың. Сол сияқты уақыт бәріне төреші» – дейді ХХІ ғасырдағы тегеурінді ақын Темірхан Медетбек (BAQ.KZ-ке берген сұхбатынан).

Пенде атаулыдан көңілі қалған қайран Абай «Ғақлиясының» 38-сөзінде тек Тәңірі хақында ғана ой толғап, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Аллаға жеткен еді.
Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Құранын ұстап! ХІІ ғасырда Оған: «Құлдарыңды Құдайына қараған, Сұқбан Ием, сақта, пәле-жаладан!» деп, Қожа Ахмет Яссауи барған. «Айтар болсаң – Алланы айт! – деп, ХVІІІ ғасырда Бұқар жырау – Көмекей әулие барған-ды. ХХ ғасырда: «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі, сондықтан, жаным күйіп, жанады да. Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, толғанып қарауым сол баяғыға… Ертегі уатпай ма баланы да, сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да? Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған, еркімен өзі-ақ отқа барады да; жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда, қанды өрт боп ақын жолы қалады да; ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын, күрсініп көзіне жас алды да, Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына!» деп, Тәңірінің алдына Мағжан барған. ХХ ғасырдың соңын ала Оған: «Иә, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием, медет бер, жапандағы жалғыз үй ем; хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ, жүрек – жүн, ойым – опат, жанды жүйем. Иә, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием!» деп, Мұқағали келді! ХХІ ғасырда «Шалқайып күлдім. Талтайып тұрдым!» – деп Темірхан Медетбек келіп тұр Көк Түріктер Жұртынан! Оған ілесе, «Жоқтық деген немене – барлық делік, Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп. Дүниедегі ең ұлы көрініс не? Ол шідерін үзген ат қарғып келіп. Мен қайрылдым, сен-дағы бұрылшы, інім, қалай не деп ұғамыз мұның сырын. Аяғыма қараймын – шідерім жоқ, неге қақсай береді жіліншігім?» – деп, Есенғали Раушанов шықты…
Мемлекетінде меншіктеп армия ұстамаған ел – бұл. Әлемде ешбір елді баса көктеп басып алмаған жұрт! Полиция, түрме дегенді ХІХ ғасырда көріп, аң-таң қалған халық бұл: «Еңкейгенге – еңкей, ол – атаңның құлы емес, шалқайғанға – шалқай, ол – құдайдың ұлы емес!» деген асқақ жұрт осы еді. Алла, сонсоң осы күнге дейін аялап тұр оны!

Сонау Көк Түріктер заманында Көк Тә­ңірмен тілдескен, Ұлы Қағанат құрып, Шыңғысханмен бүкіл Еуро-Азияға әмірін жүргізген бұл жұрттың да шалыс басып, шалқасынан құлаған, бармағын тістеп, егіле жылаған кездері де аз емес. Неге? Құдайдың айтқанын, Құранның сөзін тындамаған кездері көп-ті – пенденің айтқанына еріп, айдағанына жүріп – қателесті… Алла не дейді? «Әй! Кәпір! – де – сен табынған дәлдүрішке мәңгіріп, Тәңірі бар да Мен бас имен – Мәңгілік!» (Құран, «Мағұн» сүресі). Тәңірі бәрін көріп тұр: «Алла көнбес аярыңа не түрлі» дейді Құранның «Мағұн» сүресі. Халықтың қазына-байлығын көзін бақырайтып қойып ұрлап алып, коттедж-виллаларда ықылық атып отырғандар Құранның «Һұмаза» сүресін оқыса, не бетін айтады: «Өңшең тексіз! Сұм-зымиян! Қайда – қырт?! Малын санап, алған іші майланып! Күннің-күні Хұтамаға түседі ол, Алла алдына келеді қайт­се де бір – айналып!».

Алаш Ана Абай томдарын кеудесіне басып, Алланың алдында тұр. Адамзатта маңдайы жарқыраған небір марқасқа ғұлама айтпаған сөзді біздің Абай айтқан: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетін пендеміз. Сол махаббат пен ғадалетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады». Пендеден – пенде ғана емес, мемлекеттен – мемлекет те бірінен-бірі Алланың хикметін анығырақ сезінуімен асып, асқақтайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» (Абай). Ата Заңында махаббат, ғаделет сезімі айқұлақтана көрініп тұрған мемлекеттер өркениет өріне бет алып барады. Біз де содан қалмауға тиіспіз. Сапарың сәтті болсын, Абайды алдына ұстаған Қазақ Елі!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Басқа материалдар

Back to top button