Жаңалықтар

«Мен жастарға сенемін!»

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елдің дамуы мен болашағы – жастардың білім мен біліктілік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтады. Жастарға мемлекеттің қолдау білдіретінін, жас буынның тың идеялар тудырып, серпіліс жасауға қауқарлы болуын жиі тілге тиек етеді. «Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт» деп, жастарға мол сенім білдірген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенді жастарымен кездесуінде.

Жастардың тау қопарар күші бар. Әрине, қолдау болса. Ендеше, өңірдегі жастар атқарып жүрген бастамаларға тоқталып көрелік.

 

Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мәліметінше, Қарағанды облысында жастар өңір халқының 28,4%-ын құрайды. Яғни, 14 пен 34 жас аралығында 325 мыңнан аса жас бар. Басқарма жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында облыс көлемінде ауқымды шаралар атқарылып жатқанын атады. Осындайда еріктілер ісі ерекше көзге түседі. Мәселен, жастардың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға, жастар ортасының экологиялық мінез-құлық және экологиялық өмір салтын жүргізу туралы хабардар болуына бағытталған 53 іс-шара өткізілген. Оған 441 адам жұмылдырылыпты. «Jasyl Aimaq» экологиялық акциясы аясында Қарағанды облысы бойынша 1073 еріктінің қатысуымен 23 акция өткізілген. Биылдың екінші жартыжылдығында еріктілер форумын ұйымдастыру жоспарланған.

Ал, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша облыстағы қалалар мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтары 103 035 адамды қамтыған 1620 іс-шара өткізген.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы маусымы 1 маусымнан басталды. Қатысуға 3 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Жыл басында қалалар мен аудандардан 2375 адамды қамту жоспарланған. Бұл көрсеткіш 2980 адамға дейін немесе өткен жылмен салыстырғанда 70%-ға ұлғайған. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына қатысушылардың жалақысы артқанын да атап өткен жөн.

– «Жасыл ел» жобасы жаз мезгілінде жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, оларды еңбекке баулуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қоса, жас ұрпаққа осы сала қызметкерлерінің еңбегін үлгі ету мақсаты да бар. Балалар жазғы уақытта абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Әлеуметтік тапсырыс болғандықтан, жастарды жазғы уақытта жұмысқа ала аламыз. Әр елді мекенде қаражат бөлініп, балаларды жұмыспен қамтиды. Біздің облыста «Жасыл елге» қатысушы 3 мың сарбаз бар. Оларға арнайы киім және ай сайынғы жалақы беріледі, – деді облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет.

Облыста құрылғанына аз уақыт болған «Ассамблея жастары» белсенді қызмет атқаруда. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша «Ассамблея жастары» жетекшісінің орынбасары Гүлзат Құсайынова айтып берді.

– «Ассамблея жастары» Қазақстан халық Ассамблеясының жастар ұйымы болып табылады. Оның негізгі қызметі – жастардың бастамаларын дамыту және қолдау. Республика бойынша 8 мың қатысушы бар. Белсенді жастарды қабылдау jastary.kz сайтына кіріп, өтінім қалдыру арқылы жүзеге асады. «Ассамблея жастары» мемлекеттік тілді үйренуге жаңа форматтар енгізіп жатыр. Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында «Қазақша tea-talks» және «Үйде сөйле» жобалары қолға алынды. Бұл жобалардың басталғанына көп уақыт өтпеді, дегенмен жастардың тіл үйренуге қызығушылығы бар, – деді ол.

Сондай-ақ, «Ассамблея жастарының» негізгі міндеті – өзгеге көмек көрсету, қол ұшын беру. Төтенше жағдай кезінде жоғалған адамдарды іздейтін арнайы иттермен жұмыс жасап үйрену мақсатында «Ассамблея жастарының» белсенділері мен «Birgemiz Umit» аймақты штаб еріктілері кинологиялық полигонға барған екен. Шыны керек, елде болып жатқан түрлі оқиғалардың бел ортасында көмек қолын созған ерікті жастар жүретіні белгілі. Төтенше жағдай кезінде еріктілер қандай іс-әрекет жасау қажет екенін түсіндіру және үйрету мақсатында осындай іс-шаралар жасалып жатқанын айтты Гүлзат Құсайынова.

Жастардың кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған шаралар қатарында жыл сайынғы облыс әкімінің жастарға беретін грантын атауға болады. Былтыр жыл соңында 50 жас кәсіпкерге облыс әкімінің гранты табысталған болатын. Грант 2 млн. теңгені құрайды. Осыншама жас бүгінде өз кәсібін дөңгелетуде. Ал биыл жастардың кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған жыл сайынғы облыс әкімінің грантына өтінімдерді қабылдау жақын арада басталатынын хабарлады жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өкілдері.

«Жанам деген жүрекке от беретін» мемлекет жастардың бастамаларына оң көзқарас танытып, қолдайды. Тек жастардың алға қойғаны анық, мақсаты мығым болуы қажет.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button