Руханият

Мен оны іздеп тапқам

Мен Сматаевты «Жұлдыз» журналы арқылы таптым. 1972 жылдың жаз айларындағы екі нөмірінде жарияланған «Елім-ай» романы мені қазақтың тағы бір тамаша прозашысымен табыстырды. Туған халқына перзент боп еркелеп, сол жұртын азамат болып сүюдің қандай боларын таныдым. Талай қысталаң кезеңнің ауыр өткелегінде өмір-өлім айқасын бастан кешкен ұлтының тарихына жан дүниесімен бойлап үңілудің куәгерін көргендей болдым.

Соның алдында ғана Манас туралы роман жазбақ болғанымды көпшілік білмейді де. Алғашқы бірер тарауының нұсқасын қағаз бетіне түсіріп те қойғам-ды.

Ал Сматаевтың журналдағы романын оқығаннан кейін менің сол ниетімнен айнығаным рас.

Тарихи дүниені жазу үшін өз халқының сан ғасырлық ғұмыр жолын бірге басып өтіп, алыс күндердің қатпар-қатпарын аралай ақтарудың қажеттігін ұғындым. Ата-бабаның шұбырынды ізімен шиырлап, ойыңмен, қиялыңмен солардың тағдыр тауқыметін басыңнан кешудің керектігін сезіндім.

Сматаевтың романының лейтмотивы – «Елім-ай» әні. «Ақтабан шұбырынды» заманының қасіретін де, қасиетін де айғақтайтын киелі әуен. Құдіретті ән. Тәуелсіздікті түгел көтеріліп іздеген, тапқан – ту қылып көтерген азат ұлттың ұраны.

Осы романның мені тебіренткен бір тұсы – Балайым мен Қорабайдың соңғы аянышты жай-күйі. Анау үңгірдегі шалдың «Қырық бір қара қазанда, сүйегі жатыр қырғыздың» деп ыңылдап айтатын әні. Бұл ән – біздің, қырғыз жұртының дәл «Елім-айдай» қадірлі гимні. Соны мен көптен іздеп, таппай жүр едім. Софының тапқанына қуандым. Енді мен Сматаевты көруге асықтым.

1973 жылы сентябрьде Алматыда өткен Азия, Африка елдері жазушыларының форумына қатысқам. Келген бойда Тахауи, Әбдіжәміл және Қалтайдан Сматаев жайында сұрағам. Неге екенін білмеймін, әлденеге ызаланғандай Әбдіжәміл: «Мен ондай жазушыны естісем, құлағым керең болсын!» деп ыршып түсті. Қалтай құрдасым жай ғана ыңыранып: «Бірер көргем. Анау-мынаусын оқыған емеспін. Қайда екенін білмеймін» деп жалтарта жауап қатты. Ал Тахауи: «Иә! Ол романды былтыр бас редактор болып отырғанымда мен басқызғам. Тәп-тәуір туынды. Сматаев керек пе?! Қап! Ол он шақты күнге командировкаға кеткен», деп өкпемді өшірді де жіберді…

Форумның екінші күні мәжіліс залынан шығып, төменге түсіп келе жатқанбыз. Фойедегі бес-алты адамның арасынан журналдағы суретімен есімде қалған бейнесімен бір жігіт көзіме жылы ұшырады. Адымдай басып бардым да: «Сіз Сматаев емессіз бе?» дедім. Әлгі жігіт үн-түнсіз күйде абдырап, бетіме жапақтап қарай берді.

Қасындағы адам: «Иә, Сматаев қой бұл, Шықа!» деп маған сәлемдескелі қолын соза берді.

Мен Сматаевтың иығына қолымды салып, бауырыма тарттым.

«Жүргін. Екеуміз сөйлесеміз, бауырым!»

Жазушылар үйінің сыртқы есігінің алдында Тахауи бастаған үш досты қолымды сермеп қалдырдым да, Сматаев екеуміз көшенің арғы бетіне өтіп, сквердегі орындыққа жайғасып, біраз әңгімелестік.

Софы ұлы Мұхтар Әуезовтың кеңесімен Мәскеудің техникалық вузында оқып, инженерлік мамандық алып шыққан екен. Білігі, білімі, мінез-құлқы маған бірден ұнады. Мен әлгі қырғыз «гимні» туралы да, ойымда жүрген тағы басқа да сауалдарыма тындырымды жауап алып, жас жазушыға ризашылығымды білдірдім. Ал анау үш досымның сол жас жігітті неге сонша жақтырмағанын әрі түсіндім… Әрі түсінгім келмеп еді. Жақсылыққа қуануды ертерек ұмытып кеттік пе екен әлде… 1978 жылы қырғыз жазушыларының съезі өтіп жатқан. Қазақстаннан келген қонақтар (біреуі, ұмытпасам, Сағат Әшімбаев болатын) президиумдағы біздерге үш-төрт кітап ұсынған-ды. Арасынан «Елім-ай» романы көзіме оттай басылды.

Содан орнымнан тұрып, съезд жұмысына екі сағат үзіліс жариялауын өтініп, қырғыз әріптестеріме мынау іргедегі Георгиевкадан (Қордай ауданының орталығы) Сматаевтың «Елім-айын» сатып алуларына болатынын қуана хабарладым.

Софының «Елім-ай» дилогиясы – ыстық жүрекпен, шебер де шешен тілмен, зерек зердемен жазылған, азаматын ерлікке, әлеуметін бірлікке шақыруымен әсерлі туынды. Өйткені, өткен күндердің өкпесін сыққан қасіретінен қаны сорғалаған халқын суырып алған сол бірлік бүгін де керек. Өйткені, кешегі кескілескен айқас пен шайқас замандастардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ғана емес, психологиясында да жүріп жатыр ғой. «Кешегіңді ұмытсаң, бүгініңді елемесең, қидаласуын доғармайтын «хас жақсылардың» бірінің басын, бірінің қанжығасына байлап жіберерін ескер, халқым!» дейтін роман авторының тұжырымымен тиянақтайын.

Шыңғыс АЙТМАТОВ.

БІШКЕК, 1979 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button