«Мен оқыдым, Сізге де оқуға кеңес беремін»
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған белгілі тұлға Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына орай «Арқа даласы – Ақселеу әлемінде» өлкетанулық әдеби-марафоны аясында «Мен оқыдым, Сізге де оқуға кеңес беремін» атты Қарағанды облысының кітапханашылары арасындағы буктрейлер байқауы өз мәресіне жетті. Аталмыш шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асты.
Бәсекеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қарағанды облысы кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қатысты. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығын инновациялық нысандар арқылы насихаттау, кітапхана қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін таныту, кітап оқу дағдысын дамытудың дәстүрлі емес әдістерін жүзеге асыруды мақсат еткен байқаудың ережесі 10 сәуір күні жарияланған. Кітап маңызын арттырып, оқырманды әдебиетке баулитын байқауға өңіріміздің Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Шет аудандары мен Саран, Сәтбаев, Қаражал, Приозерск, Шахтинск қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінен және Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан барлығы 33 кітапханашыдан өтінім түскен.
Байқауға қатысушылардың жұмысын қазылар алқасы саралап, әділ бағасын берді. Осынау салтанатты шарада кітапхана басшысы Дина Аманжолова құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана кәсібінің беделін арттыруға бағытталған байқаудың маңызын атап өтті. Сонымен жүзден жүйрік жүлдегерлер қатарында арнайы диплом және 35 мың теңге ақшалай сыйлықпен «Аққыз» буктрейлері үшін Абай ауданының ОКЖ, Топар кенті кітапханашысы Салтанат Ербаева және Қаражал қалалық ОКЖ, №12 филиалының кітапханашысы Бағила Болатова марапатталды. III орын дипломы және 70 мың теңге қаржылай сыйы – «Аққыз» буктрейлері үшін Нұра ауданының ОКЖ кітапханашысы Арайлым Махметоваға және «Күңгір-күңгір күмбездер» буктрейлері үшін Қарқаралы ауданының ОКЖ Көктас №1 модельді кітапхананың кітапханашысы Рымбала Күмісбаеваға берілді. Ал, II орын дипломы және 100 мың ақшалай сыйлығы «Қазақ әлемі» буктрейлері үшін Бұқар жырау атындағы Шахтинск ОКЖ кітапханашылары Қарлығаш Тоқмағанбетова мен Аяулым Сарсенбекова, Руденко Еленаға табысталды. Сонымен қатар, «Рамазан мерген» буктрейлері үшін Шет ауданының ОКЖ кітапханашылары Дидар Байдалин, Алтынай Медеубекова марапатталды. Ал, I орын дипломы және 150 мың ақшалай марапаты «Мир казахов» буктрейлері үшін Н.Гоголь атындағы ОӘҒК қызметкері Елена Абрамчукқа берілді. Осынау сайыстың бас жүлдесі һәм 200 мың ақшалай сыйлығы «Тауға біткен жалбыз» буктрейлері үшін Шет ауданының ОКЖ кітапханашылары Бақдәулет Көпбаев пен Айгүл Исатаеваға бұйырды.
Игі шарада Қ.Байжанов атындағы КБ әншісі, бірнеше халықаралық ән байқауларының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын Ақаңның ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндерін орындады. Одан әрі Тәттімбеттің күйі «Көкейкестіні» танымал күйші Елжас Кәрімов орындап, көрермен ықыласына бөленді. Одан бөлек жиналған жұрттың назарына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері һәм «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының мүшелері Тілеужан Қамыспай, Ералы Ғани, Ерсұлтан Нұртай, Нұрмахан Рысқұл Ақселеу Сейдімбектің «Тауға біткен жалбыз» әңгімесінен үзінді оқыды.
Расында, Ақселеу Сейдімбектің мұрасы ешқашан өлмейтінін, керісінше уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық ерекшеліктерін зерттеп, зерделеген жан үшін құны арта беретіндігін осы шара айқындап бергендей еді.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ