Қарқаралы

«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»

    Өткен аптада Бесоба ауылындағы №8 орта мектепте ақын Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ шығармашылығын зерделеуге арналған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.

Алдымен «Поэзия – жүрек тілі» бөлімінде 5-сынып оқушылары – Ибраһим Сайлаубек, Амина Ғаниева, Бекболат Даниярұлы, Айнұр Саттыбаева ақынның туған жер тақырыбындағы өлеңдерін перзент жүректерімен сезіне жатқа оқыды.

Ақын бір естелігінде «Түсімде анам ақ жаулықты аппақ жүзімен Абай атамыздың қасында қуана басып, маған қарай келе жатыр екен. Анам бақытты болады деген үлкен толғаныстан кейін ең алғаш «Шеше, сен бақыттысың» деген өлеңім дүниеге келген еді» деген екен. Аталмыш өлеңімен қоса, «Сәби – Ана», «Әке», «Мен – таулықпын» өлеңдерін 8-сынып оқушылары – Ерқанат Хамзе, Нұрбол Абдырахманов, Айым Дүйсенбек ерекше оқыды.

Өмірден ерте қайтқан Майгүлдің мезгілсіз қазасы, қоғамдағы әділетсіздік жаны нәзік, сыршыл ақынның жүрегін жаралады. Осы шақтарда дүниеге келген «Майгүлге», «Емханада», «Майгүліме», «Сәби өсіп келеді» деген өлеңдерін Мөлдір Мұғиын, Нұрсұлтан Орынбасар, Ақкербез Сағынтай оқып берді.

Ақын қазақтың біртуар тұлғаларының бойындағы өршіл мінез бен қайсарлықты ерекше бағалады. Мұхтар Әуезовке арнаған «Елес жайлы естелік», «Бауыржан Момышұлына», «Қасым солай болмаса», «Фаризаға» деген өлеңдерін 9-сынып оқушылары – Теміржан Бауыржан, Дамир Ғаниев, Мағжан Смақ оқыды.

Ақын Тұманбай Молдағалиев «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасындағы сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз» деген екен. Мұқағали шын мәнінде бір туар тұлға екенін халыққа таныта білді.

Кешті жүргізген Нұрбол Абдырахманов пен Нұрәсем Шаймағанбетова «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты поэзия кеш қорытындысында мектеп директоры Рысты Ағыбайға сөз берді.

– «Қаламгер Роллан Сейсенбаев «Мұң және муза» атты мақаласында «Дүниеде өзі өлсе де, жыры өлмеген құдіретті ақындар бар. Мұқағали сол ақындардың қатарынан. Ана – Жердің төсінде, Ана – Аспанның астында бақытқа малынып, өмір сүрген ақын болмапты. Бәрі де күйбең тіршіліктің құлы болыпты. Тірліктерінде ер-тұрманы жөнделмей, қу дүниеге жарымай жападан жалғыз күн кешіпті. Олай болса, о дүниедегі бақыт ақынға не керек екен?!Тірісінде күйі келмей күйреген Мұқағали ақын, о дүниеге өткен соң, жырлары өзге ғарыштың биікке шарықтап шығып, мәңгі қозғалысқа түскен» деген екен. шынымен де, Мұқағалидың жырлары мәңгілік өлмес мұра ретінде әлі талай ғасырдан қыр асары сөзсіз, – деді директор.

Кеш соңында 8-сынып оқушысы Шерхан Тұяқ «Есіңе мені алғайсың» әнін домбыраға қосыла шырқады.

Гауһар ШАЙМАҒАНБЕТОВА.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button