Поэзия

“Мен боздасам, боздар едім ботадай…”

Мен боздасам, боздар едім ботадай,

Қозғар едім елдің шерін – ботадай!

Тақпақ жазу деген нәрсе көйітіп,

Шақпақ шағудан да маған оп-оңай!

Өлең жазып, ырза қылып көп елді,

Көкке мен де тигізгенмін төбемді!

Алып-ұшқан айтыскерлер секілді,

Суырып та сала салам өлеңді.

«Ақынмын…» деп мен де ауыз жаппағам,

Сөйте берсем… (Қалай Құдай сақтаған?!).

Жиырма жылдай мен де аудандық газетте,

Генсек пенен хатшыларды мақтағам…

Том-том кітап шығара алам көлемді,

Қиын болса, бұрын…

Оңай ол енді;

Әкімдер мен олигархтарға да,

Ода жаз де? Төге салам өлеңді!

О, бұ күнде мендегі өнер көп енді,

Биікте ұшам,

Төбем көрмес төменді:

Тұмағамша жаза да алам өлеңді,

Жұмекенше жаза да алам өлеңді…

Қадағамша жаза салам өлеңді!

Бәрін тастап, сонсоң көкке кеткенмін,

Арсы менен гүрсіден кеп жеткенде үн

– Тасырларға тастай салып тақпақты,

Қасымдарға қарай…

Ұшып кеткенмін.

Муза деген – тұяғында тұлпардың,

Қанатында – сұңқардың,

Қиясында – шыңдардың,

Ұясында – кептердің;

…Неше түрлі қылуетке түсіп мен,

Неше қилы қылкөпірден өткенмін…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button