Бас тақырып

Меморандум мүмкіндікті молайтады

Кеше Қарағандыға Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының мамандар тобы келді. Ертең-бүрсігүні олар жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын, семинарлар өткізіп, науқастарға кеңес береді. Сондай-ақ, қарағандылық дәрігерлермен бірлесіп 20 шақты жоғары технологиялық операция жасамақшы.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Онкологтар, нейрохирургтар мен кардиохирургтар, эндокринолог, аллергологтар мен генетиктер және басқа да бағыттағы 30-ға жуық дәрігер алдағы екі күн бойы қарағандылық науқастарға медициналық көмек көрстеді деп жоспарланған. Елордалық дәрігерлерді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қабылдады. Кездесу барысында облыс әкімдігі мен Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімнің мақсаты – өңірдегі медициналық қызмет сапасын жақсарту. Елордалық және қарағандылық дәрігерлердің серіктестігі жүйелі негізде тұрақты болмақ.

– Біз қазір ұзақмерзімді ынтымақтастықтың негізін қалап жатырмыз. Бүгін меморандумға қол қойдық, алдағы уақытта бірлесіп Жол картасын әзірлеу міндеті тұр. Біз медицина қызметкерлерін заманауи оқыту, менеджмент стандарттарын енгізу, сондай-ақ, практикалық денсаулық сақтау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселелерін бірге пысықтаймыз. Пациенттердің медициналық көмекті басқа жерге бармай, облыстың өзінде емделуін қамтамасыз ету – негізгі міндетіміз. Ол үшін аймақта бар жағдай жасалған, заманауи жабдықтар орнатылған. Әкімдік денсаулық сақтауды жаңғырту жұмысымен жүйелі түрде айналысып келеді. Дәрігерлердің кәсібилігі де – жоғары. Тек бұрын жасалмаған белгілі бір бағыттар бойынша оқыту, үйрету керек. Қарағандылық мамандар тез игеріп кетеді деп ойлаймын. Ең бастысы – мамандар арасында тығыз деңгейде байланыс орнату. Жағдайы ауыр деген науқастарды бізге жіберуге болады. Біздің медициналық орталық МӘМС жүйесі арқылы тегін көмек көрсетеді. Дегенмен, науқастың өз өңірінде емделуіне, ол үшін жергілікті жерде барлық жағдайды жасауға басымдық беріледі, – деді Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой.  

Оның айтуынша, практикалық ынтымақтастық нәтижелі болмақ.

– Елордада Қарағандыдан келген, Қарағанды медицина университетінде білім алған мамандар көп. Олар жерлестеріне көмектесу үшін білімдерімен, тәжірибелерімен бөліскісі келеді. Бізге ресмиліктен гөрі практикалық байланыс маңызды, – деп атап өтті Алексей Цой.

Өз кезегінде аймақ басшысы да ынтымақтастық туралы меморандумның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

– Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы – денсаулық сақтау саласындағы көшбасшы құрылымның бірі. Біз дәрігерлеріміздің кәсібилігін бірлесіп арттырамыз. Жемісті ынтымақтастыққа және алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге үміттенеміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, Орталық мамандары келетіні 2-3 апат бұрын хабарланған.

– Орталық мамандарына жағдайы ауыр деген науқастар туралы деректер алын ала  ұсынылды. Соған сәйкес, тиісті бағыттағы мамандар келді. Алдағы бір-екі күн мамандар үшін де, науқастар үшін де  нәтижелі болады деп ойлаймын, – деді ол.

Бұдан кейін елордалық қонақтар  профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға барып, бөлімшелерді аралап, клиника жұмысымен танысып шықты.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button