Ресми

Мемлекеттік қызметте жаңаша серпін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында аймақтың мемлекеттік қызметшілерімен және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Аймақтың мемлекеттік қызметшілерімен кездесуінде агенттік басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталды. Мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту, мемлекеттік органдардың басшы және орындаушы құрамдарының ара қатынасын регламенттеу, мемлекеттік қызметшілерді ротациялық төлеммен қамтамасыз ету, жұмыс кестесінің сақталуын бақылау, «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

– Азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік аппарат жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткіші. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, көзбояушылық формализмге, жұмыстың имитациялық сипатына және қызметтің жасанды декларативті элементтеріне жол бермей, жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы тиіс,– деді Дархан Медеғалиұлы.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мемлекеттік қызмет саласында оқу орындарын үздік бітірген түлектерге жасалып жатқан жеңілдіктерді жоғары бағалап, жас мамандардың мемлекеттік қызметке орналасуының тұтастай алғанда мемлекеттік қызмет жүйесіне оң әсерін тигізетінін атады. Бұл жастарды ауылдық жерлерге тартуда жақсы ынталандыру екенін баса айтты.

Сонымен қатар, агенттік басшысы облыс әкімімен бірге қала тұрғындарына қызмет көрсетіп, кеңес беретін «Open Qaragandy» фронт-кеңсесіне және «Senim 109» бірыңғай үйлестіру орталығына барды. Оның жұмыс барысымен танысты.

Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бірінші кезекте халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізіліп жатқанын және бұл қоғамның сенімін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Бүгінде агенттік мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, мемлекеттік бақылауды жетілдіру аясында шағымдарды күтпестен, қашықтан мониторинг жасайды. Құқықбұзушылық орын алса, заңдылықты қалпына келтіру үшін жұмысты бастап кеткенін атап өткен жөн. 2022 жылы облыста 18 миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілген. Қарағанды облысы жергілікті атқарушы органдар рейтингінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл аймақ халқының қанағаттану деңгейін бағалауда 5 балдық шкаладан 4,48 балды құрайды.

Сондай-ақ, сапар барысында Дархан Жазықбаев Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне арнайы барып, студенттермен кездесу өткізді. Ашық әңгіме барысында ол бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке жастарды тарту жөнінде, агенттік қызметі туралы, оның ішінде Президенттік жастар кадрлық резерві жайлы сөз қозғады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке жас және креативті таланттар қажет екенін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында агенттік төрағасы университеттің кітапхана қорына сыйлыққа арнайы әкелген кітаптарын табыстады.

Аталған сапар аясында Дархан Жазықбаев облыстық «Saryarqa» телеарнасына сұхбат беріп, агенттік тарапынан мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

Жәлел ШАЛҚАР,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button