Мемлекеттік қызметшілер алғысқа бөленді
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, Қарағанды қаласы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің салтанатты шарасы өтті.
Департамент басшысы Ербол Жолданғар − мемлекеттік қызмет ардагерлері мен жиынға қатысушыларды құттықтады. Уәкілетті орган мен мемлекеттік қызметшілер арасында ұдайы ұйымдастырылатын түрлі байқаулар, мәдени және басқа да іс-шаралар, қоғам арасында мемлекеттік қызметшілерді сан тұрғыдан көрсетуге, мемлекеттік қызметшінің оң келбетін қалыптастыруға септігін тигізбек. Аталмыш конкурстарда облысымыздың намысын қорғаған қызметшілеріміз республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болғанын аса қуанышпен баршаңызға жеткізгім келіп отыр, − деді департамент басшысы.
Мемлекеттік аппараттың үйлесімді жұмысы мықты әрі тәуелсіз Қазақстанды құруға оң ықпалын тигізді. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін айғақтайды. Өңіріміздің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да мемлекеттік қызметшілердің жанкешті қызметтерінің жемісі деп білеміз.
Шара барысында байқау жеңімпаздары арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды.
− Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, үздік мемлекеттік қызметшілер сайысына Шет ауданынан қатыстым. Облыстық деңгейге өттім. Облыстық деңгейден үздік атанып, кейін республикаға өтіп, ол жақтан өз әріптестерімізбен тартысты додоға түстік. Байқауға 30 адам қатысты. 30 адам ішінен 10 адам іріктеліп алынды. Жеңімпаздарды құттықтаймын. Облыс төңірегінде үздік мемлекеттік қызметші атанып, бүгінгі шараға келіп отырмыз, −деді Шет ауданының мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Самат Ахмедия.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекет басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Берікбайұлы:
− Мемлекеттік қызметшіге талап өте жоғары. Жылдан-жылға оларға кәсіби біліктіліктен гөрі олардың адами қарым-қатынаста, әдеп нормаларын сақтап, халықпен бірге жұмыс істеуіне мән беріледі. Қазіргі таңда облыс бойынша бес мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың қатары жас мемлекеттік қызметшілермен жыл сайын толығып жатыр. Сапалық құрамы да өте жоғары. Бүгінгі мемлекеттік қызметшінің бет-бейнесі әрине, бірінші кезекте әдеп нормаларын толық сақтайтын, таза, әділ обьективті жұмыс істейтін халық үніне құлақ асатын халықтың айтқан талап тілектерін орындай алатын, тиімді шешім шығара алатын болу керек, − деп өз ойын білдірді.
Жиын соңында ел игілігі жолындағы еңбектері үшін бірқатар мемлекеттік қызметшіге департаменттің алғыс хаттары табысталды.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті