Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы
Мемлекеттік қызметшінің киім киюі, жүріс-тұрысы, әдебі, кәсібилігі мен отаншылдығы – үнемі ел назарында. Сондықтан, олар үнемі біліктілікті арттырып отыруы тиіс. Ал, Жапонияда жапон әдебиетін, тарихын, салт-дәстүрін білмесе, мемлекеттік қызметке қабылдамайды екен. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында біліктілігін арттыруға келген мемлекеттік қызметшілер «Әдеп кодексінің» қоғамда жиі талқыланатын талаптарына қатысты өткен пікірсайыста осы және басқа да мәселелерді ортаға салды.
Аталған іс-шарада мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департамент басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев: «Бүгінгі тақырып мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексіне» қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексі» ол – қоғам. Халықтың үнін есту үшін біз ең алдымен мемлекеттік қызметшілер үнін естуіміз керек деп ойлаймын. Сол себепті де Президент Жарлығы мен Жолдауларында атап өткендей, мемлекеттік қызметке заманауи тәсілдерді енгізу және мемлекеттік қызметті осы халықтың үнін еститін ақпарат ретінде қалыптастыру бағытындағы тапсырмаларды іске асыру мақсатында былтырғы жылдың басында мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексі» жаңа тенденцияға енгізілген болатын. Ал, мемлекеттік қызметшілер үшін бұл Президент Жарлығымен бекітілген құжат болғандықтан, осы кодекс талаптарын сақтау – басты міндетіміз», – деп қатысушыларға күнделікті қызметте әдептілік нормаларын сақтауды және заңнамалық талаптарды бұзбау жайлы тоқталып өтті.
Пікірсайыс кезінде қатысушылар тарапынан өздерін қызықтыратын түрлі сұрақтар қойылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру жайында сөз қозғалды.
– Мемлекеттік қызмет пен мемлекет басқару деген ұғым бар. Билік түрлі сатыларға бөлінеді. Біз – Президентке тікелей бағынатын органбыз. Бізде мемлекеттік қызмет бағыты ғана болады. Бізге осы мемлекеттік қызметке түсу мәселесі, бұларды өткеру, қадағалау жайындағы мәселелер беріледі. Мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеу – үкіметтің құзыретінде. Біз Президентке тікелей бағынатын болғандықтан, жалақы мәселесі қазіргі уақытта біздің құзыретімізге кірмейді. Бірақ, алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтерілетіні жайында жоспар бар, – деп жауап берді департамент басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев.
Сайыс барысында бұдан да өзге түрлі тақырыптар қозғалып, әртүрлі пікірлер айтылып, керекті ақпараттар да ұсынылды. Пікірсайыс жүргізушісі Азамат Жансейітов қатысушылар арасында қызықты ойындар өткізіп, пікір алмастырды. Мемлекеттік қызметшілердің атқаратын жұмыстары да қатысушылар арасында талқыға салынды.
Сайысқа қатысқан әр қатысушы өз пікірін ортаға тастап, пікірталасқа түсті. Онда «Әдеп кодексіне» мемлекеттік қызметшілерге байланысты түрлі тақырыптар қозғалды.
Шара соңында Абылайхан Наурызбаев қатысушыларды толғандырған барлық сұрақтарға жіті жауап беріп: «Біз сөз етіп отырған «Әдеп кодексі» халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін еңбек ететін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі. Мемлекеттік қызметші әрқашанда Әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал», – деп өз сөзін аяқтады.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті



