Ресми

Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру – заман талабы

Өздеріңізге мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында жоспарланған реформаларды жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілердің құзыретіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Агенттік мемлекеттік аппаратта адами капиталды дамыту бойынша «адамға бағдарлану» бағытында белсенді жұмыс істеуде. Бұл – заман талабы. Біз жұмыстың ескі және маңызды емес тәсілдерінен бас тарта отырып, әлемдік озық тәжірибелерді алып, сол бағытта бейімделеміз.

Сурет: france-kazakhstan.fr сайтынан

Түсінгеніміздей, талант мемлекеттік қызметпен байланысты емес, бірақ, мемлекеттік басқарудың дамуына ықпал ететін әртүрлі салаларда көрініс беруі мүмкін. Сондықтан, бірқатар елеулі өзгерістер мен жаңалықтар қабылданды.

Мысалы, «келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкерлер» ұғымы енгізілді. Егер мемлекеттік органға нақты салалық мәселе бойынша тапсырма орындау қажет болса, онда ол белгілі бір мерзімге конкурссыз тиісті маманды тарта алады.

Тағы бір жаңалық – нақты сектордан үміткерлерді олардың салалық тәжірибесі мен таңдаған лауазымының функционалдығын ескере отырып, «Б» корпусының басшы лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі. Мысалы, білім саласындағы жеке компанияның жоғары тиімділік көрсеткіштері бар маманы облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына ие бола алады. Бұл ретте, оның қабілеттері мен құзыреттерін бағалау негізінде агенттікпен келісу шешуші рөл атқарады.

Мемлекеттік грантпен білім алған ЖОО үздік түлектері үшін мемлекеттік қызметке «кедергісіз кіру» жолы ашылды. Олар аудан, ауылдардың жергілікті атқарушы органдарынан конкурстық іріктеуден өтпей-ақ еңбек жолын бастай алады.

Өзгерістер мемлекеттік қызметке кіруге қойылатын біліктілік талаптарына да әсер етті. Енді кандидаттың мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік және жеке секторда да жалпы жинақталған жұмыс өтілі егер олар таңдалған лауазымның функционалдық бағытына сәйкес келсе, есепке алынады.

Ал, мемлекеттік қызметке кірудегі қажетсіз кедергілерді жою үшін әлемнің кез келген жерінен азаматтарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін «e-Qyzmet» жаңа цифрлық іріктеу жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде, үміткерлер үшін түрлі бөлімдерден құжат жинап тапсыру сияқты кейбір процедуралар жеңілдетеді.

Пилоттық режимде өткен жылдан 5 мемлекеттік орган мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесінде сынақтан өтуде. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктері. Биылғы ақпаннан Қарағанды облысы да пилоттық жүйеге қосылды.

Сонымен қатар, биылғы жылы тағы екі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Біріншісі – облыстық жастар кадрлық резерві. Облыстық резервке іріктеуге жасы 35-тен аспайтын, жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Аймақтық резервке іріктеу: 1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау; 2) заңнаманы білуге ​​тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау; 3) уәкілетті орган жүзеге асыратын құзыреттерді бағалау; 4) комиссияда құрылымдық сұхбат; 5) облыстық резервке қабылдауға кандидаттарды комиссия отырысында қарау сияқты кезеңдерден тұрады.

Сайланбалы лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына өңірлік резервке алынған адамдар орналаса алады.

Екіншісі – жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері арасынан мемлекеттік қызметке лайықты болып іріктеуден өткен кадрлық резерв.

«Таланттар пулы» жобасы – облысымызда бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының аналогы. Бұл жобаға жоғары оқу орындары мен колледждердің тәмәмдаушы курс студенттері қатыса алады.

Бүгінгі таңда аталған жоба бойынша іріктеу жүріп жатыр. Құжаттарды қабылдау, эссе жазу және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында білім алу сияқты кезеңдері аяқталды. Алдағы күндері оқу кезеңін сәтті аяқтаған студенттер мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтуге жолданады. Келесі кезеңдерге тестілеуден өту және мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне жазылу кіреді.

Дарындылар пулына іріктеу жазда аяқталады, ал келесі іріктеу ағымдағы жылдың күзінде басталады.

Жоғарыда аталған барлық жаңашылдықтар мемлекеттік қызметке іріктеуді неғұрлым ашық, жеңілдетілген, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің өзін бәсекеге қабілетті және тартымды етуге мүмкіндік береді.

Ербол ЖОЛДАНҒАР,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button