Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Кеше Қарағандыдағы «Достық үйінде» мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті. Әріптестерін төл мерекесімен құттықтаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қызметте ерекше көзге түскен жас мамандарды марапаттап, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ, жас мамандар халыққа адал қызмет етпекке ант берді.

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін абройлы міндет. Қарапайым халық қиналған сәтте әкімдіктен, құзырлы органдардан қолдау күтеді. Дей тұрғанмен, жиі сынға ұшырайтын да осы сала. Мұны аймақ басшысы Ерлан Қошанов өзінің құттықтау сөзінде де атап өтті.

  • Елбасымыздың бастамасымен алты жыл бұрын күнтізбеге біздің төл мерекеміз енгізілді. Біз тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Халықтың сеніме ие болып, олардың мұң-мұқтажын түсені білу – жауапты іс. Мемлекеттік қызмет сапында адал, отаншыл, халықшыл адамдар жұмыс істеуі тиіс. Біз қабылдаған әр шешімнің артында қаншама адамдардың, отбасылардың тағдыры тұр. Мемлекеттің дамуы да біздің жұмыспен тікелей байланысты. Сондықтан да, қандай да бір шешім қабылдарда эмоцияға ерік бермей, оның салдарын саралай білуіміз керек. Халық біздің әрбір ісімізді бақылап отыр. Мемлекеттік қызметкер – бәріне жауапты. Біреудің шарбағы құлап қалса да, ел «әкімдік қайда қарап отыр» дейді. Өйткені, адамдар барлық мәселе бойынша бізден, мемлекеттен қолдау күтеді. Халықтың сол сеніміне лайық болайық, — деді облыс әкімі.

Мерекелік кеш барысында Жаңаарқа ауданы ветеринария бөлімінің бас маманы Лашын Төлеу және Қаражал қаласының дене мәдениеті және спорт бөлімінің басшысы Артем Ким салтанатты түрде ант қабылдады. Жас мамандарға мемлекеттік қызметкер куәлігін табыстаған аймақ басшысы Ерлан Қошанов жастарды антына адал болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуге шақырды.

Қарапайым халық мемлекеттік қызметкер жұмысының қызығы мен шыжығынан бейхабар. Бұл салада жүрген азаматтар қағаздан көз алмайтын, бекітілген ереженің шеңберінде ғана әрекет ететіндей көрінетіні бар. Десек те, мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүруге қарым-қабілеті жеткен азаматтар да бар. «Достық үйінде» өткен салтанатты шарада Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Оспановқа «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, кәсіби қызметте және шығармашылық алаңында толайым табыстарға қол жеткізіп, көптің қошеметіне бөленген облыс аумағында ғы мемлекеттік органдарда еңбек ететін мамандар марапатталды.

«Қызмет адамды өзгертеді» деп жатады ғой. Әйтсе де, бұл – көнерген ұғым. Адам қашан да өз болмысын жоғалтып алмауы керек. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер көптің алдында, халықтың назарында жүретіндіктен өздерінің сырт келбетіне ғана емес, рухани дүниесінің тазалығына да зер салғаны жөн. Бүгінде мемлекеттік қызмет сапында жүрген азаматтарға шығармашылықпен, спортпен айналысуға, ізденуге, өздерін дамытуға қолайлы жағдай жасалған, – дейді облыс әкімінің Алғыс хатының иегері, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жетекші маманы Бекзат Алтынбек.