Бас тақырып

Мемлекеттік тіл тұғырдан түспейді

«Келесі мәселе. Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек».

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінен.

 

Журналистер – ана тілінің мүддесіне жұмыс істейтін қауым. Қызғыш құсы десек те, артық айтқанымыз емес. Қашан да солай болып қала бермек. Мемлекеттік тілдің қадірін сақтау һәм тұғырын одан әрі биіктету – аймақтың бас басылымы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің негізгі миссияларының бірі. Сол себепті, тілге қатысты бір мәселе туындаса, дабыл қағуға толық хақымыз бар деп есептейміз. Мәселеге төтесінен келсек, өкінішке қарай, кейбір облыстық басқармалардың ресми жиындары шамамен 80% орыс тілінде өтеді. Есендесуі ғана қазақша. Ал, Сәкен Сейфуллин «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» демеп пе еді?! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталған. Президент сөзіне сүйеніп, біз де үн қосып отырмыз.

Сурет qazaly.kz

Облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің жиындары қазақша сәлемдесумен басталып, ресми тілмен аяқталғанын көріп жүрміз. Әсіресе, есеп беру алаңына айналған өңірлік коммуникация­лар қызметі орталығында өтетін брифингтердің көбі ресми тілде өтеді. Бұл, әлбетте, қазақ тілінде жазатын журналистердің шамына тиеді. Мәселе – тілді түсінбегенде емес, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді елемеуінде. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков осыған қатысты пікірін білдірді.

– Өте орынды мәселе көтеріліп отыр деп есептеймін. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып барады. Жеткен жетістігіміз де, кемшілігіміз де баршылық. Кемшілігіміз – мемлекеттік тілді өз дәрежесіне, өзінің тиісті төріне көтере алмай жүргеніміз. Мемлекеттік тіл ел Президентінің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Қазақ тілінің ауқымын одан әрі кеңейту үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында нақты тапсырмалар берді. Жөнімен, ретімен берілген тапсырмалар деп есептейміз. Бұл тапсырмаларды қалай іске асырамыз деген заңды сауал туындайды. Оның шешімі бар. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде сөйлеуі шарт. Оны мекеме басшылары тікелей қадағалап, талап қоюы тиіс. Себебі, халық ханның жарлығына құлақ түріп отырады. Ал, облыс басшылығы – Президент тапсырмасын тікелей орындаушылар. Сол себепті де, мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінің мәртебесіне айрықша мән бергені абзал. Жергілікті билік өкілдері осыған баса мән бергенде ғана халықтың құрметіне бөленеді. Кейде Төныкөктің VII ғасырда айтқан мына бір сөзін еске аламын: «Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады». Бүгінгінің әкімі, басшысы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде мүлде сөйлемейді деуден аулақпыз. Бірақ, ана тілінің мәртебесі үшін барынша талаптанса деген тілегімді жеткіземін, – деді Бекзат Алтынбеков.

Аймағымыздағы мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Құсайынды үлгі етер едік. Бұл – жағыну емес. «Жақсының жақсылығын айт» дейтін ел едік. Қарағандыда қазақтың мүйізі қарағайдай қаламгерлері, зиялы қауымы, қайраткерлері қатысатын жиындар, рухани шаралар жиі ұйымдастырылады. Солардың алдында Ерлан Құсайын әр сөзге әр беріп, өз биігінде сөйлегенін журналистер қауымы талай көрген. Қарағандының жұрты еңсесін тіктеп отырады. Бұл қатарда пікір білдіріп отырған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков та бар.

Айтқалы отырған ұсынысымызды облыс басшылығы қолдайды деп бек үміттенеміз. Ұсыныс мынау: облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің басшылары өткізетін кез келген жиында мемлекеттік тілдің тұғырынан түспеуіне журналистер атсалыссын. Қалай? Жиынның басым бөлігі орыс тілінде өтсе, журналистер дабыл қақсын. Шағымды қабылдайтын жауапты маман бекітілсе. Сонымен қатар, басқармаларға, бөлімдерге пәрмен беретін басшылық тарапынан нақты талап қойылса.

Бұл шаралар өзгелерге үлгі болатынына және мемлекеттік тілге келгенде салғыр­ттық танытатын шенеуніктерді тезге салатынына кәміл сенеміз.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button