Мемлекеттік тіл саясаты – жасампаздық пен жарқын болашақ кепілі
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының және мемлекеттік органдардың тіл саяcатын жүзеге асыру бойынша қызметін сөз еткенде бірқатар басым бағыттарды ерекше атап өтуге болады.
Бірінші бағыт –
Мемлекеттік тілді меңгеру
Мемлекеттік Бағдарламада мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай – 80%-ға, 2020 жылға қарай – 90%-ға жеткізу көзделген.
Әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша бүгінгі таңда облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгерген үлесі – 74%-ды құрап отыр. Облыс аумағында әрекет ететін 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 2016 жылы мемлекеттік тілге 1796 адам оқытылып, мемлекеттік тілді оқуға ниет білдірген облыс тұрғындарының саны 2015 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артты. Тілдерді оқыту жұмысында бірқатар өңірлерде, атап айтсақ Теміртау, Саран, Қаражал, Сәтбаев қалаларында оң динамика байқалады.
Кейінгі жылдары өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген құлшынысы артып, оқыту орталықтары мен курстарға қамтылған 1796 тыңдаушының 52,3%-ын өзге ұлт өкілдері құрады. Қарағанды облысы аумағындағы этно-мәдени бірлестіктермен өзара ынтымақтастық орнату мақсатында олардың 20 өкілі қазақ тілінде ақысыз оқытылды.
Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде сауатты жазу дағдысын қалыптастыру мақсатында Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында облыстың барлық өңірлерінде бір мезгілде диктант алу жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Диктант жұмыстарына Абай шығармашылығы арқау болды.
Бүгінгі таңда тілдерді деңгейлеп меңгертудің халықаралық стандарты негізінде «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орыны» мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу жұмыстары жалғастырылуда.
Облыс аумағында әрекет ететін балабақша тәрбиеленушілерінің 26745-і, яғни 51,7%-ы таза қазақ тілді топтарда тәлім алуда, оның ішінде 5739-ы өзге ұлт өкілдері бүлдіршіндері. Бұл, өз кезегінде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілдің жарқын болашағына деген сенімін аңғартып, тіл саясатының оң бағытта жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Өңірлерде қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт бүлдіршіндерінің қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?», «Балақай, үш тілде сөйлесейік», «Балбөбек» байқауларын, «Біз қазақша білеміз» фестивалін тұрақты түрде өткізу дәстүрге айналған.
Білім беру саласында жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп, орта деңгейде қазақ тілін меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 21,8%-ға артып отыр. Атап айтқанда, 2015 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 7493 түлектің 68,2%-ы қазақ тілін орта деңгейде білетінін растаса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 90%-ды құрады.
2015 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде білім алушылар саны 3331 оқушыға, яғни 3,6%-ға өскен. Соның ішінде, қазақ тілінде оқитын өзге ұлт өкілдері 739-ды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 6,3%-ға өскен.
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарына сәйкес, барлық орта-арнаулы оқу орындарында «Қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі» және «Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу» пәндері оқытылады. Жоғары оқу орындарының базасында қазақ және орыс тілді топтарға «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пәні бойынша сабақтар жүргізіледі. Бұл сабақтың студентке берері көп, себебі, құжаттарды мемлекеттік тілде рәсімдеу, іс қағаздарын өз бетінше қазақ тілінде толтыру дағдылары осы сабақ барысында қалыптасады. Осылайша, жұмысқа алғаш орналасқан жас маманға оқу орнында жинақтаған тәжірибесі мол пайдасын тигізері сөзсіз. Бұл ретте Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының бастамасымен 2016 жылдың желтоқсан айында «ҚАЗТЕСТ тапсыруға дайындау», «Қазақ тілін жеделдете оқыту» атты онлайн курстарының ашылуы алдағы уақытта тікелей нәтижелерге жетуге зор мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, атажұртқа қоныс аударған қандастарымызды тілдік ортаға бейімдеу, жазу сауаттылықтарын арттыру мәселесіне де бүгінгі таңда ерекше көңіл бөлініп, өңірлерде кешенді жұмыстар жүргізу жолға қойылуда.
Облыс әкімдігінің жанынан құрылған, құрамында белгілі қоғам қайраткерлері бар Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру комиссиясы өз жұмысын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Былтырғы комиссия отырыстарында жұмыс жоспарына сәйкес, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының филиалы – Қарағанды облыстық телекоммуникациялар дирекциясының, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Қарағанды облысы бойынша филиалы басшыларының есептері тыңдалып, тіл саласында орын алған олқылықтарды түзету туралы ұсыныстар берілді. Ағымдағы жылғы комиссия жұмысында «Сарыарқа әуежайы» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ Қарағанды жол бөлімшесі басшыларының есептерін тыңдау жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарламадағы басты индикаторлық көрсеткіштердің бірі «Қазтест» жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердегі қызметшілердің үлесін арттыруға бағытталған. 2016 жылы 6700 қызметші Қазтест сынағын тапсырып, олардың тек 5873-і межелік деңгейге қол жеткізген. Атап айтсақ, қызметшілердің 2035-і, яғни, 36%-ы орта деңгейді, 189-ы, яғни 3,5%-ы жоғары деңгейді меңгергенін дәлелдей алды. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік бағдарламада айқындалған мақсатқа қол жеткізу үшін жеткіліксіз болғандықтан, аудан-қалалардың және мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларына қызметкерлерді Қазтест тапсыруға алдын ала дайындау жұмыстарын ұйымдастыру қажеттілігі жөнінде тиісті ұсыныстар берілді.
Сөйлеу мәдениетін дамыту, толерантты тілдік орта құру арқылы тіл мәдениетін жетілдіру, сондай-ақ, жалпы тіл саясатын насихаттау бағытында ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталғанда классик ақын Қасым Аманжоловтың 105 жылдығына орай өткізілген «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» жыр мүшәйрасын, «Таза, мінсіз асыл сөз..» шешендік өнер байқауын, қазақ руханиятының көрнекті өкілі Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің әдеби-шығармашылық байқауын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Тарих кеңістігіндегі тілдерді дамытудың өзектілігі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияны, облыс әкімінің дәстүрлі «Тіл жанашыры» сыйлығын табыс ету салтанатты шарасын ерекше атап өтуге болады.
Екінші бағыт –
Лингвистикалық
капиталды дамыту
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, қоғамда ерекше рөл атқаратын «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасы – Қазақстандық бірлік пен бірегейлікті нығайтудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.
Облыс көлемінде өткізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ, облыста үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын тілдерін) меңгерген тұрғындардың үлесі – 4,5%-ды, орыс тілін – 91%-ды, ағылшын тілін – 6%-ды құрап отыр.
2016 жылдың қорытындысына сәйкес, ағылшын тілін 894 адам оқыған. Бұл бағытта бүгінгі күнге дейін ағылшын тілін оқыту жұмыстары облыстың 11 өңірінде тұрақты жүргізіліп келсе, 2017 жылғы бюджет нақтыланғаннан кейін ағылшын тілін оқыту жұмыстарын облыс көлемінде толыққанды жүзеге асыру көзделген.
Жыл сайын түрлі этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау үшін 700,0 мың теңге көлемінде облыс әкімінің гранты бөлінеді. Оның ішінде облыстық деңгейдегі 24 ұлттық-мәдени бірлестіктің 21-інде әрекет ететін этно-лингвистикалық сыныптарға 3 мыңға жуық тыңдаушы өздерінің ана тілдерін оқып-үйренуге мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар, орта білім беретін мектептер базасында факультативті сабақтар ретінде поляк, кәріс және татар тілдерін оқыту жұмыстары ұйымдастырылған.
Есепті кезеңде көптілді жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету мақсатында «Тілдарын», өзге ұлт өкілдері арасындағы «Абай оқулары» байқаулары өткізілді.
Сонымен қатар, басқарма жастар арасында үш тілде білім алуды насихаттау мақсатында, «Үш тұғырлы тіл саясаты – жастардың болашағы мен мүмкіндігі» атты облыстық ақпараттық-насихат тобын құрып, Шет, Осакаров аудандары мен Қарағанды, Теміртау қаласында кездесулер өткізді. БАҚ-та аталған тақырыпта арнайы телебағдарламалар, әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, баспасөз беттерінде талдамалық мақалалар жарияланды. Бұл жұмыс үстіміздегі жылы да өз жалғасын табатын болады.
Үшінші бағыт –
Тіл саясатын ақпараттық сүйемелдеу
2016 жылы мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылу барысына ақпараттық қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қала және аудан әкімдіктерімен мемлекеттік тіл саясатын ақпараттық қолдау бағытында тоқсан сайын оқиғалар қатары әзірленіп, соның негізінде арнайы медиа-жоспарлар дайындалды.
Жергілікті баспасөз беттерінде мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Қазақ тілін үйренеміз!», «Қазақ және ағылшын тіліндегі сөздіктер», «Орыс және қазақ тіліндегі терминология», «Языковой вестник» айдарлары жұмыс істесе, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында «Тіл-тұғырым», 5-арна телеарнасында «Сыр сандық» бағдарламалары, сондай-ақ, Балқаш ТВ телеарнасында орыс, қазақ және ағылшын тіліндегі телесабақтар эфирден көрсетілді.
Сондай-ақ, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің қоғам дамуындағы артықшылықтары туралы арнайы тапсырыспен 5 бейнеролик түсіріліп, оқырман қауымға ұсынылды. Жалпы, облыстық және жергілікті БАҚ-та тіл саясатын насихаттау бағытында 630 материал жарық көрді. Оның: 558 – мақала, 23-сюжет, 24-бейнесабақ, 20 – телехабар, Сонымен қатар, облыс көлемінде тіл тақырыбында өткізілген іс-шаралар туралы ақпараттар интернет-ресурстардан жарияланып отырады.
Төртінші бағыт –
Ономастика
Елдің ішкі және сыртқы саясаты, оның ішінде тіл саясаты да ономастикалық кеңістікте ерекше із қалдыратыны белгілі. Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде басты жұмыс түрлі тарихи кезеңдерге байланысты өзгеріске ұшыраған тарихи төл атауларымызды қалпына келтіруге бағытталды.
2016 жылы аталған бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, Қарағанды қаласының 40 лет Октября, Шахтостроительная, Луговая көшелері мен 137-ші есептік орамы, Сәтбаев қаласындағы атауы жоқ 2 көше Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен танылған Кеңес Одағы батырларының және ерлігі үшін бірқатар ордендермен марапатталған тұлғалардың есімдерімен қайта аталды. Сонымен қатар, елді мекендерге тарихи атауларын қайтару бойынша Жаңаарқа ауданындағы Ленино ауылына Талдыбұлақ атауы қайтарылса, Түгіскен жалпы орта білім беретін мектебіне белгілі қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды.
Өткізілген көпшілік тыңдаулар кезінде ескерілген тұрғындардың оң пікірі негізінде Республикалық ономастика комиссиясына Приозерск қаласының 8 көшесін, Сәтбаев қаласының 1 шағын ауданын қайта атау бойынша ұсыныстар енгізілді.
Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламада көзделген «Тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін талқылау кезінде қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесі» нысаналы индикаторына қол жеткізіліп отыр.
Өңірдегі деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша үгіт-насихат, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, олардың жай-күйін қадағалау мақсатында өңірлердегі әкімдіктер аппараттарының қызметкерлерімен, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдерімен жылына екі рет «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлықтар жарияланып, тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. 2016 жылы осындай айлықтар аясында жүргізілген рейд жұмыстары барысында 5000-ға тарта нысанның көрнекі ақпараттарынан 1000-ға жуық кемшіліктер мен заңбұзушылықтар анықталып, бүгінгі күнге дейін олардың 600-ден астамы (60%) түзетілді. Тіл саясатымен айналысатын облыстық басқарма мен қалалық, аудандық бөлімдер жанынан сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарда орын алатын заңбұзушылықтар мен қателіктерді түзету және олардың алдын алу, сондай-ақ, тауарлық жапсырмалар (этикеткалар) және т.б. мәтіндерінің қатесіз әрі сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта бизнес өкілдері және жарнама агенттіктеріне тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» («Callcenter») қызметі құрылып, басқарма мен бөлімдерден «Жедел желі» жұмысына жауапты мамандар тағайындалған.
Биылғы жылы Тілдерді қолдану мен дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың үшінші кезеңі басталды. Тіл саясатының тиімді жүргізілуі еліміздің әрбір азаматының берік ұстанымына байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.
Гүлнарайым ҚАҢТАРБЕКОВА,
«Қарағанды облысының
тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасы» ММ басшысы.