Мемлекеттік тіл мерейлі ме?
Ана тіліміздің көпей күй кешіп, шаңырағының төріне басқа біреуді отырғызып, өзі босағасынан сығалап қалған сорлы күйін кешегі Кеңес жүйесінен көрдік. Солай болғаны рас. Ол зорлықты ақтай алмаймыз. Ал содан бері, Тәуелсіздігімізді алып, бар-жоғымызды түгендеп, шашылып қалғанымызды жинастыра бастаған кезден беріде де отыз жылға таяу уақыт өте шығыпты. Бұл – жетпіс жыл желкемізге мініп, дегенін істеткен өктем жүйенің билік құрған уақытының жартысына жуық уақыт. Осы аралықта ана тілінің көшін бір биікке шығарып тастауға мүмкіндік болып еді ғой. Қоқаңдап зіл көрсетіп отырған ешкім жоқ, қолымызды байлап тұрған не? Отыз жылда он миллиондай қазақ өз тілінде сөйлеп кетіп, енді өзге ұлт өкілдеріне ықпал етіп кетсе, қане?
Ата Заңымыз: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп мөрін басып берді. «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы қабылданды, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. «Тіл – ұлттың жаны», «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген қайраткерлеріміздің жанайқайы тым алыстан естілетіндей көрінер, жанымызда жүрген Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзін ұран қылып ұстанып, ұл-қызымыздың құлағына құйып, жүрегіне бекітіп тастасақ кім қой деді?!
Тіл жанашырлары айтып жүргендей «қазақ тілі жан сақтау бөлімінен шығып, емдеу палатасына түсті» дегенге өз басым сене қоймаймын. Қазақ тілі әлі жан сақтау бөлімінде жасанды жолмен демалдыратын аппаратқа қосулы жағдайда жатыр. Неге дейсіз бе? Кешіріңіз, сізге мынандай қарсы сауал қоюға бола ма?
Сіздің қалада неше қазақ мектебі, неше орыс мектебі бар? Орыс мектебінде оқып жүрген қазақ балаларының саны қанша? Сол балалар ертең қазақ тілін үлде мен бүлдеге орайды деп сенесіз бе?
Орыс балабақшаларында немесе қазақ балабақшаларындағы орыстілді топтарда тәрбиеленіп жатқан қазақ баласы нешеу? Олар күні ертең қазақ тілінде сөйлеп, бірдеңе ұғына алар ма екен, білдіңіз бе?
Сіздерде қалай, жерлес? Көшеде, дәліздерде, жұмыс кабинеттерінде, қоғамдық көліктерде басы қосылған қазақтардың бәрі қазақша сөйлей ме?
Әкесі де, шешесі де, балалары да қазақшадан мақұрым қазақтарды кездестірген жоқсыз ба?
Айтпақшы, жергілікті басшы орындардағы жиналыстар қай тілде өтеді? Ұлттық, мемлекеттік, кәсіби мерекелердегі ресми құттықтаулар тек қазақ тілінде айтыла ма, әлде құттықтаудың басын қазақша бастап, сонан соң орыс тілінде сылдырай жөнеле ме?
Тағы бір сауал, Сіздің қаладан (кейбір аудандардан) облыс орталығына қарай жөнелтілетін ақпараттар, хаттар мен есептер, өтініштер мен ұсыныстар тек мемлекеттік тілде жазыла ма?
Атақтары жер жаратын алып кәсіпорындардағы құжат айналымы мемлекеттік тілде жүре ме? Мәселен, Сіз әлгі алпауыт кәсіпорынның біріне жұмысқа тұру үшін өтініш жаздыңыз делік. Қай тілде жазылған өтінішіңіздің «өтімділігі» күшті болады дейсіз? Солай, қандас! Сауал көп.
Жергілікті жерлерде, әсіресе қалаларда белгілі бір ақпараттық жазбалардың екі тілде жүргізілгенін жетістік санайтын үрдіс бар. Мұның: «Аттың ба? Тиді ме? – деп бірбірінен сұрайтын соқыр мен саңыраудың аңға шыққаны сияқты күлкілі жайт екенін түсінетін уақыт жетті.
Ауызды қу шөппен сүртпейік. Жоғарыда министрліктерде, облыста басқармаларда, жергілікті мемле- кеттік құрылымдарда тіл саясатын жүзеге асыру, әсіресе мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жа- тыр. Жер-су атаулары, көшелердің атаулары қазақи қалыпқа түсті. Жарнамаларды қадағалау да қолға алынды. Бірақ, бұл мекемелер қызметкерлері әр отбасына барып: «Сіздің мұныңыз дұрыс емес, үйде қазақша сөйлесіңіз, балаларыңызды қазақ мектебіне беріңіз», – дей алмайды. Құқығы жоқ. Немесе, жекеменшік дүкен иесіне барып (дүкен иесі қазақ болса да): «Са- уда жасауға келген адамдармен тек мемлекеттік тілде сөйлесіңіз, жарнамаларыңыздың барлығы тек мемлекеттік тілде болсын», – деп та- лап етіп көрсінші, соңы соттан бірақ шықсын. Сонда не істеу керек?
Қазақ тілінің тағдырына қатысты мәселелер ұлттық намысқа негізделген жалпыхалықтық қолдаумен шешілетін жайт екенін уақыт көрсетіп берді. Шешенсіді демеңіз, бізде екі нәрсе жоқ: бірі – ұлттық намыс, екіншісі – қазақ тілінің қауқарына деген сенім.
Ұлттық намыс болса, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деген бабы бар ҚР Конституциялық Заңы қабылданған сәттен-ақ іске кірісіп, шешімді қадамдар жасап, біраз істің бетін бері қаратып алар едік. Намысы күшті, нақты іске бел буып кірі- се алатын халыққа: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiнөзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады», – деген баптың еш кедергісі болмас еді…
Заманауи құрылыс материалдарының келуін неме- се оларды сатып алуға қажетті қаржының жиналуын күтпей арақ, сыра, түрлі сусындардан босап, көшеде шашылып жатқан шиша- лардан үлкен қаланың төрінен үй салып алған ағамыздың қарекетіне сүйсіндік емес пе? Иә, ағамыз ебін тапты, есебі түзу болды, есесі кеткен жоқ. Ал, біз қазақ тілінің жоғарғы жақтан келуін күтіп әлі жүрміз. На- мыс жоқ, жылт еткен мүмкіндікті ұлт пайдасына асыра қоятын шапшаңдық пен шеберлік жоқ.
Рас, тілдік экспансияның дер- ті жылдарға созылады. Бірақ, өзің емделмесең, емделу керек демесең, дертіңнен қалай айықпақсың?! Тілдік экспансия зардаптары- нан эволюциялық жолмен арылу үшін тағы 30-40 жыл өтуін күтіп, малмаңдап жүре беруіміз керек пе, әлде? Айтпақ ойымызды түсініп отырған боларсыз, тілге қатысты мәселе жоғарыдан емес, төменнен бастау алып, жалпыхалықтық іске айналып кетуі қажет.
Тәуелсіздік алған жылы туған балалар отызға келеді. Солар қазақ тілінде сайрап тұруы керек еді ғой. «Бир бала жақсы, екінші бала окинишке орай» деп қазақ тілінің қида-қидасын шығарып тұрған қайраткерімізді былай қоя тұрайық, үлкен мінберге шығып алып, жастардың алдында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның белігін осырып» («Қазақстанның беделін өсіріп…» дегісі келген болу керек)», – деп күлкі боп жатқан лауазымды басшы – бүгінгінің баласы, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін туған бала еді ғой. Сөз арасында айта кетейік, қазақ бол мейлі, басқа ұлт өкілі бол мейлі, қазақ тілін үйрен, оқы, жақын адамдарыңның арасында сөйлесіп, тіл ұстарт, бірақ топ ал- дына шығып, тіліңді бұрап, қазақ тілін қорлама! Тойға барар алдында қалай сыланып-сипаланасың, көп алдындағы сөзіңе де солай даяр- лан! Тіл де киелі, Құранды дәретсіз ұстамайтының сияқты тілге де сондай тазалықпен бар.
Бұл жерде келмеске кеткен Кеңестің де, өзге ұлт өкілдерінің де кінәсі жоқ. Кінә өзімізде. Әуелі жоғарыдағылар қолға алсын, со- лар қазақша сөйлеп алсын деген пиғыл, «асыраушысын күткен» адамға тән бейқамдық, бейжайлық, дәрменсіздік, намыссыздық сөйтіп, жетпіс жыл жер бауырлап жа- тып қалған тілді орнынан тұрғыза алмаған отызжылдық уақыт енді қазақ тілінің қауқарына деген сенімсіздіктің пайда болуына әкеліп соқтырды. Неге? Айтайық.
Ата Заңымыз қабылданып, тіл саясатына мемлекеттік тұрғыда мән беріле бастаған тұста өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы оянды. Тіл үйрену курстарына жазыла бастады. Өзге ұлт өкілдері балаларын балабақшалардағы қазақша топтарға бере бастады. Қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бұқаралық ақпарат құралдарында журналист, жүргізуші ретінде көріне бастауы, республикалық, облыстық конкурстарда қазақ тілін жетік білуімен жеңімпаз болған отандастарымыздың тіл білуге де- ген талпынысы бізді қуантты. Осы құлшыныс бұдан да зор қарқын алып кетер ме еді, егер қазақтың өзі анасының тілін аялап, әспеттеп, жаппай өз тілінде сөйлеп, орта қалыптастыра білгенде. Өкінішке орай, олай болмады. Жарылып кетсек те айтайық, қазір «қазақ тілін жарытып білмей-ақ та жақсы жұмысқа қол жеткізуге болады, керісінше, қазақ тілін жақсы біліп, орыс тіліне шорқақ болсаң, өрісің тарылды дей бер» деген пікір қалыптасты. Айтыңызшы, орыс тілін нашар білетін (ағылшын тілін айтпай-ақ қояйық), ал өз тіліне жүйрік ұл мен қызың еліміздегі ал- пауыт кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың, тағы сол сияқты күркіреген мекемелердің есігін ер- кін ашып кіріп, төріне шыға ала ма? Табысы мол қызметке жете ала ма? Сол баланың лауазымды мем- лекеттік қызметтерге баруына үнемі жол ашық болады деп ойлайсыз ба? Жарайды, өйтіп-бүйтіп мықты қызметке қол жеткізді делік, ал сол балаңның орыстілді ортадағы күйі қандай болмақ?
Біз қазақ тілінің қуатын, қажеттілігін танытатын орта қалыптастыра алмадық. Заң мен мемлекеттік бағдарламалар жасап берген мүмкіндік алаңын пайдалана алмадық, әлі де пайдаланайық деген ойымыз жоқ.
Бізде «анамның тілін аяқасты етпейік» деген намыс болмады. Ұлттық намыс билік құрып тұрған жерде заң шығарып жатудың да қажеті болмас еді.
Біз осы намыссыздығымызбен, бейжайлығымызбен «қазақ тілін білсең де, білмесең де өлмейсің» деген пиғыл қалыптастырдық. Ең қорқыныштысы – қазақ тілінің қауқарына деген сенімсіздікті туғыздық.
Санамызда: «Орыс тілін білмесең, қор болғаның» деген күдік әлі жүр. «Орысша сөйлеп, орысша әңгімелесуді» жетістік, «мода» санайтын пиғылдан әлі тазарған жоқпыз. Орысшасы қате болып жатқан қазаққа күлетіндер де қазақтар. Өзге ұлт өкілдері түсіністікпен қарайды бұған. Солай болу керек.
Не керек, бәріне кінәлі – өзіміз.
Біз ойымызды ортаға салдық. Айтар ойымыз да, келтірер дерек- теріміз де, мысалдарымыз да жет- кілікті еді, бірақ, әзірше осы ойла- рымызды ғана ортаға салумен шек- теле тұрайық дедік.
Сіз қалай ойлайсыз, замандас?
Ғазиз Ештанаев,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.