Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл: мәртебе мен міндет

«Тіл – әр ұлттың жаны». Мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне деген құрмет тек мәдениетпен, салт-дәстүрмен шектелмейді. Бүгінгі күні ол – нақты заң нормаларымен бекітілген, құқықтық міндеттемелермен қорғалған жүйелі саясаттың өзегі. Әсіресе, құқық қорғау органдары сынды мемлекет пен азаматтың арасындағы алтын көпір рөлін атқаратын салаларда тіл саясатының дұрыс жүзеге асуы – егемен елдің келешегі үшін аса маңызды. ҚР Конституциясының 14-бабында ешкімді де ұлты мен тіліне байланысты кемсітуге болмайды. Заң мен сот алдында бəрінің теңдігі туралы негізгі конс­титуциялық қағидаттарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті, мемлекетке азаматтардың тіліне, оның ішінде, азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруін қамтамасыз етеді. Бұл конституциялық қағидат «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасының азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тəрбие, оқу жəне шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы белгілейді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Заң жүзіндегі нақты өзгерістер

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, күшіне енетін жаңа заңнамалық өзгерістер бұл бағытта жаңа кезең басталатынын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзған жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл – бұрын-соңды болмаған шешім.

Осыған дейін «Қазақстан Рес­публикасындағы Тіл туралы» Заңның талаптарын орындамаған құқық қорғау органдарының қыз­меткерлеріне (прокуратура, ішкі істер, мемлекеттік өртке қарсы және экономикалық тергеу қызмет органдары) тек тәртіптік жаза қолданылатын. Бірақ, бұл шаралар жеткіліксіз екені уақыт өте айқын көрінді. Себебі, азаматтардан мемлекеттік тілде келіп түскен өтініштерге жиі орыс тілінде жауап беріліп немесе қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық процестік заңнамаларындағы тілге қатысты нормалар өрескел бұзылып, оған қатысты соттар жеке қаулылар шығарып, Тіл туралы заңнаманы бұзған нақты адамдардың тәртіптік жауапкершілік мәселесін көтеруге құқықты адамдарға тікелей жолдайтын. Бұл – Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңды өрескел бұзу ғана емес, азаматтың Конституциямен кепілдендірілген тілдік құқығын аяққа таптау.

Мысалы, Қостанай қаласында болған нақты оқиғаны келтірейік. Бір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қазақ тілінде жазбаша арыз жолдаған. Алайда, аталған орган оған орыс тілінде жауап берген. Бұл жағдайда азамат сотқа жүгініп, өзінің конс­титуциялық құқығын қорғады. Нәтижесінде, апелляциялық сот азаматтың талабын толық қанағаттандырып, мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп тапты. Бұл – жеке бір адамның жеңісі ғана емес, мемлекеттік тілдің абыройы үшін маңызды қадам. Ең бастысы – бұл жағдай өзге мемлекеттік органдар үшін сабақ болуы тиіс.

Жоғарыда аталған құқықтық бастамалардың заң жүзінде бекітілуіне Мәжіліс қабырғасындағы нақты жұмыс пен ғылыми сараптамалар негіз болды. Атап айтқанда, заң жобасын әзірлеу барысында, менің ұсынған салыстыр­малы кестем мен тұжырымды ұсынымдарым ескерілді. Бұл ұсыныстар Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті деңгейінде жан-жақты талқыланып, жұмыс тобы аясында пысықталды.

Нәтижесінде, 2025 жылғы 10 қаңтарда қабылданған ҚР Заңының 1-бабы, 1-тармағына мынадай толықтыру енгізілді:

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 32-бабының екінші бөлігі «Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік шекарасы режимін» деген сөздердің алдынан «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын», – деген сөздермен толықтырылсын».

Осылайша, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік жауапкершілігі көзделетін шектелген тізімге мемлекеттік тілді қолдануға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық та қосылды. Яғни, енді олардың мемлекеттік тілді елемеу, жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектеу, тілдік белгілері бо­йынша кемсіту – жай этикалық мәселе емес, заңмен жазаланып, жалпы негізде әкімшілік жауапқа тартылатын болады.
Бұл толықтыру – ұзақ жылдар бойы азаматтық қоғам мен тіл жанашырлары айтып келген талаптардың нәтижесі.

Енді мұндай әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жа­уапкершілік көзделіп отыр. 2025 жылғы 10 қаңтарда қабылданған заңға сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әрі – Кодекстің) 32-бабы, 2-бөлігі «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын», деген сөздермен толықтырылған. Бұл өзгеріске сай, егер азаматтық Кодекстің 75-бабы қорғалуына алынған қоғамдық қатынастар бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлері Тіл туралы заңнама талаптарын бұзса, бұл факт бойынша олар енді тәртіптік жауапкершілікке емес, ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (39 мың 320 теңге) айыппұлмен жазаланады.

Сондықтан, әрбір азамат өз құқығын қорғау және қалпына келтіру үшін арызбен жүгінген кезде Кодекстің 807-бабы, 1-тармағы, 4-тармақшасына сәйкес, соттың Кодекстің 75-бабы бо­йынша істі хаттама жасамай-ақ, қарайтынын білуі де маңызды. Ол үшін Қазақстан Республикасы сот органдарының электрондық сервисі Сот кабинеті (https://office.sud.kz/new/) арқылы немесе сот кеңсесі арқылы барлық дәлелдемелеріңізді жинап, арыз беру қажет. Мысалы, көп жағдайда құқық қорғау қызметкерлерінің қазақ тілі – ана тілі болып табылатын азаматтарға қатысты хаттамаларды көп жағдайда орыс тілінде толтыруы орын алуда.

Осының салдарынан азаматтардың Кодекстің 738 (іс жүргізу тілі), 744 (Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бо­йынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға), 803 (Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде іс жүргізудің тілі анықталады.) баптарында көрсетілген құқықтары елеулі түрде бұзылуда.
Құқық қорғау органдары қыз­меткерлері Кодекстің мына баптары сөзсіз орындалуын басшылыққа алуға міндетті, оларға:

9-бап. Тілі бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды;

444-бап. Өзіне қатысты ƏҚБТ бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға… iсті қарау кезінде ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге жəне егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға құқылы;

749-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе; қорғаушының қатысуы мiндетті;

803-бап. Əкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде іс жүргізудің тілі анықталады;

818-бап. Іс жүргізу тілін айқындайды, мəлімдеме жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, өтiнiшхаттар мəлімдеу, шағымдар жасау, іс материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде ана тiлiнде немесе өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адам өзі бiлетiн басқа да тiлде сөз сөйлеу, аудармашының көрсететін қызметтерін тегiн пайдалану құқығын түсiндiредi;

822-бап. Қаралып жатқан iс бойынша iс жүргiзу тiлi көрсетілуге тиіс;

827-бап. Іс бойынша шара қолданылып жатқанда тілді білмейтін адамға шағымды өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде беру құқығы қамтамасыз етіледі.

Азаматтық ар мен заң талабы

Бұл – құқықтық шара ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның саяси, мәдени және құқықтық деңгейінің көрінісі. Мемлекетіміздің болашағы қазақ тілімен тығыз байланысты екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өтті. Президентіміз қазақ тілі – біріктіруші күшке айналуы тиіс екенін де баса айтқан. Ендеше, бұл бағытта бірінші кезекте мемлекеттік органдар, әсіресе, құқық қорғау құрылымдары үлгі көрсетуі керек.

Құқық қорғау органдары – халық пен биліктің арасындағы сенім жібін жалғаушы құрылым. Олардан қарапайым азамат заңдылықты, әділеттілікті, адалдықты күтетіні сияқты, мемлекеттік тілді құрметтеуді де талап етеді. Құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын әр қызметкер мемлекеттік тілді білуге, түсінуге және қолдануға міндетті. Бұл – моральдық талап қана емес, заңдық міндет.

Тілді құрметтеу – ұлтты, елді құрметтеу. Бұл ортақ ұстаным болуы тиіс. Әсіресе, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары үшін мемлекеттік тілде жұмыс істеу – ұлттық қауіпсіздіктің де бір кепілі. Себебі, тіл – елді біріктіреді. Тіл – бірлік пен тәртіптің негізі. Ал, тәртіп – құқық үстемдігінің өзегі.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін заңнамаға енізілген өзгерістер мен толықтырулар – мемлекеттің өз тіліне деген шынайы қамқорлығының, заң алдындағы теңдіктің, және азаматтың құқығына деген құрметтің көрінісі. Енді бұл заңның орындалуы – уақыт еншісінде. Десе де, бұл тек заңгерлер мен судьялардың ғана жұмысы емес. Бұл – әр мемлекеттік қызметшінің және құқық қорғау қызметкерлерінің, әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Қазақ тілінің құқығы – Қазақстан азаматының құқығы. Сондықтан, бұл заңның салмағын түсіну – баршамызға парыз.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
заң ғылымдарының кандидаты, профессор,
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы

Басқа материалдар

Back to top button