Басты тақырыпРухани жаңғыру

Мемлекеттік сананы жаңғырту факторы

Ағымдағы жылдың 26 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Латын графикасы негізіндегі жаңа әліпби халықтың терең талқылауынан өтті. Бірнеше ай бойы тіл мамандары, ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері мемлекеттік тілді реформалаудың ең тиімді және ыңғайлы нұсқасын табуға атсалысты. Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының маңызды мәселесі мемлекеттік тілді реформалау екенін: «Бұл күндері қоғамда қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты мәселе қызу талқыланды. Көптеген адамдар бұған өз үлестерін қосты. Латын графикасына ауысу еліміз Тәуелсіздік алған кезде туындаған еді. Қазақ жазуының латынға ауысуы үнемі менің бақылауымда болып келді», – деп атап айтқан болатын. Еліміз латын графикасына кезең-кезеңмен көшеді. Президент 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөз, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығаруды тапсырды.

Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Латын графикасы қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды факторларының бірі болып табылады. Елбасының латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бірыңғай стандартын бекіту туралы Жарлыққа қол қоюы ел ішінде қызу талқылану үстінде. Сарапшылар, ғалымдар, ұлт зиялылары, қоғам өкілдері өз пікірлерін білдіріп, аталған ізгі бастамаға қолдау танытуда. Бұл жүргізілетін реформаның іргелі объективті негіздерін тағы бір рет анықтап, түсіндіруге және Қазақстан мемлекеті мен қоғамының дамуына оның оң әсерін болжауға мүмкіндік беруде.

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартын жасау бойынша ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, ізденген лингвистердің қажырлы еңбегінен кейін енді латын әліпбиіне біртіндеп көшу үдерісі күтіп тұр. Тіліміздің тағдырына оң әсер ететін осы тарихи сәтте барлығымыз жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Елбасы Үкіметке қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруды және 2025 жылға дейін латын графикасына біртіндеп көшуді қамтамасыз етуді қаулы етті. Қойылған міндеттердің маңыздылығы мен күрделілігі ой елегінен өтіп, таразыланған латын әліпбиіне көшудің жүйелі және жоспарлы үдерісін қарастыруды, мемлекет үшін аса маңызды бастаманы тиімді әрі ауыртпалықсыз жүзеге асыруға кепіл бола алатындай білікті мамандарды кеңінен тартуды талап етеді.

Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын графикасына көшу үдерісінің терең логикасы бар екендігіне тоқталып, «2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп қадап айтқан болатын. Сол сәттен бастап Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы латын графикасына көшу мәселесін терең зерттеп, жан-жақты талқыланатын өзекті тақырыпқа айналдырды. Қазіргі кездегі жаһандану жағдайында уақыттың перспективалық сұрауларына тиімді жауап, объективті тарихи қажеттілік ретінде мемлекетіміздің стратегиялық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған коммуникативтік және ғылыми әлем кеңістігінде үстемдік ететін латын графикасын енгіздік. Елдің академиялық қоғамдастығы үшін бүгінгі күні негізінен ағылшын тілі үстемдік алған әлемдегі ғылыми-ақпараттық, коммуникациялық кеңістікте латындандырумен байланысты жедел біріктірудің келешегі өте маңызды. Латын әліпбиі академиялық интернет-кеңістікте қатынасудың әмбебап сындарлы құралы бола отырып, әлемдік мәдениет пен ғылымның озық жетістіктеріне тиімді қолжетімділікті қамтамасыз ете алады, ғылыми-технологиялық салада елдің жедел дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, университет қоғамдастығына бағдарлама әзірлеуге және латын әліпбиін енгізу бойынша нақтылы іс-қимылдарды жүзеге асыруды талап ететін осы маңызды ұлттық жобаны университет ұжымы нақты тапсырма ретінде қабылдады. Енді Президенттің Жарлығы күшіне еніп, жаңа әліпби бекітілген тұста, қазақстандықтардың лингвистикалық қолданысының барлық салаларында жоғары сапалы деңгейде латын жазуын дайындауға және енгізуге көп қырлы жұмыс жүргізу қажет. Айтулы жұмысты дайындау мен жүзеге асыру сапасы біздің мемлекетіміз үшін осы тарихи бастаманың табысын айқындайды.

Тілдік реформаны табысты жүзеге асыруда елеулі ресурстар және әртүрлі мамандардың, ғалым-филологтардың, тарихшылардың, бағдарламашылардың, мұғалімдердің, редакторлардың, көптеген басқа да адамдардың мұқият жұмыс істеуі қажет, сондай-ақ көпшілікке толыққанды насихаттау талап етіледі. Бұған тілдің жаңа орфографиясын жасау, орфографиялық нормалар мен ережелерді кодтау, жаңа орфографиялық сөздіктерді жасау, педагогикалық кадрларды даярлауды оқыту-әдістемелік қамтамасыз ету, латын әліпбиін бірте-бірте апробациялауды жүзеге асыру, оқулықтарды, көркем және әлеуметтік маңызды әдебиеттерді басып шығару, тиісті нормативтік-құқықтық базаны құру, латын әліпбиіне көшудегі ақпараттық және техникалық мәселелердің шешімі және тағы басқалар. Қазір бұл аспектілер университет ұжымының ғылыми-педагогикалық басымдықтарын айқындайды.

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ аймағымыздағы жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі, айтарлықтай ұйымдастырушылық және кадрлық әлеуетке ие, көптілді білім беру саласында мол тәжірибесі бар. Латын әліпбиін дайындау кезеңінде біздің университеттің ғалымдары мемлекеттік тілді латындандыруға байланысты өзекті мәселелер бойынша қоғамдық талқылауға белсене қатысты. Мақалалар, кітаптар жазу, лекциялар оқу, көрмелер ұйымдастыру, бағдарламалар жасау арқылы латын әліпбиіне көшудің айқын және түсінікті міндеттері мен перспективаларын талқылау және қалыптастыру бойынша кең көлемде түсіндіру және ағартушылық жұмыстар атқарылады.

Атап айту керек, студент жастар латын графикасын енгізуді оң қабылдауда. Біздің студенттер бірнеше тілді меңгерген, ғаламтор кеңістігінде отырады, сол себептен де латын графикасына көшу оларға еш қиындық туғызбайды.

Университетте «Қазақ тілінен латын графикасына кезеңдік көшу» бағыты бойынша құрылған жобалық офисте ғалымдарымыз облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Бүгінде «Қазақ тілін латын графикасына көшіру және дамыту орталығы» тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жоғары оқу орнында латындандыруға байланысты іс-шаралар кешені әзірленіп, жүзеге асырылуда. «Латын графикасы» пәні университет педагогтарымен әдістемелік тұрғыдан толық қамтамасыз етіліп, университеттің басты факультеттері қатарындағы: филология, тарих, химия, философия және психология факультеттерінің оқу үдерістеріне енгізілді.

Айта кету керек, латын графикасына көшу кезінде араб графикасынан бас тартқан кездегідей кирилше жазылған қазақ мәдениетінің, ғылымының, өнерінің және білімінің бай мұраларын жоғалтып алмауымыз керек. Сондықтан, жаңа әліпбиді пайдалану мен бейімдеуге қатысты техникалық мәселелерді тиімді шешуді қамтамасыз ету аса маңызды. Осы мақсатпен ҚарМУ математика факультетінің ғалымдары кирилше жазылатын қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыратын авторлық бағдарламаны дайындауда. Бұдан басқа, шетелдік ғылыми әдебиеттер мен оқулықтардың үздік үлгілерін аударуға арналған аударма бюросы құрылады.

Ғылыми зерттеулер тілінің толыққанды меңгерілуін қамтамасыз ету, оның терминологиялық базасын жетілдіру және біріздендіру маңызды болып табылады. Осыған байланысты университетте бакалавр мен магистр дәрежесін дайындауда бес негізгі мамандық бойынша үштілді терминологиялық сөздіктер әзірленіп, басылып шығарылады. Университетте үштілді кадрларды даярлау ауқымы кеңеюде.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің мәлімдемесіне сәйкес, латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиі мектептер мен университеттерде эксперимент ретінде енгізіледі. Бұл үдерісті жүзеге асыруда оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, сондай-ақ білікті педагогикалық кадрларды дайындау мәселесі өте маңызды. Теориялық зерттеулері бар және оқыту тәжірибесін жетік меңгерген университет ғалымдары жаңа ұрпаққа оқулықтар шығаруға, жаңа қоғамның мамандарын, ең алдымен, мұғалімдерді даярлауға тікелей қатысуы тиіс. Бұл үшін қазақ тілін латын жазуына көшіру аясында жобаларды іске асыру үшін республикалық деңгейде авторлар ұжымдарын құру қажет.

Қарағанды мемлекеттік университетінің математик мамандары айтарлықтай жұмыстар атқарды, факультеттің 8 мамандығы үшін алгебра, математика, дифференциалдық теңдеулер бойынша латын графикасы негізінде үш оқулық жасады. Олар жақын арада жарияланатын болады. Жоғары оқу орнының ғалымдары латынша жазылатын қазақ тілінің орфографиясы мен графикасын оқытуға байланысты қашықтықтан үйрету курсын ұйымдастыруға, лингвистикалық және құқықтық сараптама өткізуге дайын.

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми-оқытушылық ұжымының көп қырлы жұмысы өзінің игі жемісін береді, мемлекеттік тілді реформалаудың маңызды міндеттерін шешеді, Қазақстанның рухани жаңғыруына ықпал етеді деп сенемін.

Е.КӨБЕЕВ,

Е.Бөкетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік  университетінің ректоры, Қарағанды облыстық

мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button