АймақТеміртау

Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанат Теміртау қаласында “Шығыс” саябағында өтті.

Суреттер автордан

Бұл мерекенің еліміз үшін маңызы өте зор. Өйткені мемлекет болып төрткүл әлемге танылып, мойындалу үшін оның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы,Әнұраны болуы шарт. Бұл рәміздеріміз Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай, 1992 жылдың 4 маусымында қабылданып, бекітілген еді.

Міне, айтулы күнді тойлау үшін “Шығыс” саябағына келген жұрттың қарасы қалың болды. Кадеттер мен Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейдің оқушылары сап түзеп, дабыл ұрып, сахнаға Мемлекеттік Туымыз келтіріліп, Әнұрамыз орындалып, Елтаңбамыз бейнеленген мінберден Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов қала тұрғындарын мерекемен құттықтап:

– Мемлекеттік рәміздеріміз – қастерлі де қасиетті киеміз. Ол өскелең ұрпақты патриотизмге, Отанымызды сүюге тәрбиелеп, ертеңгі болашағымызға сенімімізді қалыптастырады, – деді.

Бұдан кейін қала әкімі “Мен Қазақстанның патриотымын” тақырыбындағы бейнероликтердің қалалық конкурсы жеңімпаздарын Алғыс хаттармен және ақша сертификаттарымен марапаттады. Мұндай сый-құрметке осы бәсекеде бірінші орын алған Ержан Мыңбаев, екінші орын иелері Карина Исмаил мен Дарья Вишневецкая, үшінші орыннан көрінген Нұрсұлтан Қалмырза, конкурсқа белсене қатысқан Дәулет Хайратбекұлы, Жасмина Тұрғымбаева, Татьяна Черненко бар.

Келесі кезекте теміртаулықтарды осы мейраммен қалалық мәслихаттың төрағасы Алексей Ломакин құттықтап, жиналған халық алдында мемлекеттік қызметке енді ғана кіріскен “Теміртау қаласы әкімінің аппараты” ММ мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Қалжан Уәлиханов пен “Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру бөлімі” ММ денешынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Игорь Лим салтанатты түрде ант қабылдады.

Мерекелік салтанатта қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерді шырқап,облыстық полиция басқармасының Жылдам қимылдың арнайы отряды жауынгерлері қолма-қол ұрыс тәсілдерін көрсетті.

Теміртау қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен мерекелік шара ел болып “Атамекен” әнін қосыла шырқауымен түйінделді.

Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button