Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық форум өтті
Қарағанды қаласындағы Тутұғыр алдындағы алаңда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық форум өтті. Шараға үш мыңнан астам адам қатысты.

Бұл мереке – жыл сайын ел тарихы мен мәдениетіне, ұлттық мақтаныш пен патриотизмге деген терең құрметтің белгісі ретінде атап өтіледі.
Ауқымды мерекелік шараға облыс әкімдігі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, аймақтың Құрметті азаматтары, кадет сыныбының оқушылары, жастар ұйымдары, волонтерлер, шығармашылық ұжымдар, колледж студенттері мен қала тұрғындары жиналды.
Шарада алдымен Мемлекеттік Әнұран орындалып, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жиылған жұртты мерекемен құттықтап, бұл мейрамның мән-маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздер күніне орай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында озық көрсеткіш көрсетіп, республикалық және халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған облыстың үздік 5 колледж студенті 100.000 теңгенің сертификатымен және облыстың қоғамдық іс-шараларына белсенді қатысқан үздік 5 ерікті Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шараның маңызды сәттерінің бірі – республикалық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына мектеп оқушыларын салтанатты түрде қабылдау рәсімі болды. Олар ант бергенде тебіренбеген адам қалмады.
Бұл рәсімге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, ардагерлер, қоғам қайраткерлері және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткерлері қатысып, алғыр балалардың мойнына Мемлекеттік Ту түстес мойынбау тағып, сәттілік тіледі.
Жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері солистерінің орындауындағы Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен мәресіне жетті.
Мемлекеттік рәміздер күні – бұл қазақстандықтарды біріктіретін, азаматтық бірегейлікті нығайтатын және Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейтін маңызды мереке.
Жәлел ШАЛҚАР