Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық форум өтті
Бүгін, яғни, Мемлекеттік рәміздер күні Қарағандыдағы Тутұғыр алаңында «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты патриоттық форум өтті. Үш мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары жиналған шарада Әнұран орындалып, көк Туымыз салтанатты түрде көтерілді.
Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев рәміздерді қастерлеу басты парызымыз екеніне тоқталды.
– Дана халқымызда «Туың жығылмасын!» деген аталы сөз бар. Кешегі көк түркілер заманында бабаларымыз Бөрілі байрақтың астында бас қосты. Ал, бүгін егемен ел ретінде еңсеміз – биік, бірлігіміз – бекем. Көгімізде желбіреген Көк байрағымызды бүгінде бүкіл әлем таниды. Бұл – біз үшін мақтаныш! Дәл осы күні Тәуелсіздігіміз үшін күрескендерді естен шығармай, еліміз өркендеу үшін олардың істерін әрі қарай жалғастыруға міндеттіміз. Құрметті жерлестер, Әділетті Қазақстан Елтаңбасымен – еңселі, Әнұранымен – асқақ, Көк Туымен – тұғырлы! Тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз бекем болсын! – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Шара барысында облыс әкімінің атынан өз кәсібінде ерекше жетістіктерге қол жеткізген, белсенді ұстанымға ие және азаматтық ерліктер жасаған, азаматтардың патриоттық тәрбиесін дамытуға ерекше үлес қосқан тұлғаларға Алғыс хаттар табысталады.
Форум аясында мерекелік авто, мото және велошеру өткенін айту керек. Велошеруге қатысушылар Тутұғыры алаңынан Тәуелсіздік стеласы бағытына аттанды.
Салтанат ІЛИЯШ,
ortalyq.kz