Мемлекеттік қолдау зор
Облыста бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау айтарлықтай артты. 2021 жылы 4 мыңнан астам жоба көмек алады деп жоспарлануда. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Онлайн-кездесуде іс жүзіндегі бар проблемалар мен оларды шешу жолдары талқыланды.

– Күрделі жағдайға қарамастан, өңірде шағын және орта бизнес дамып келеді. Мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайды, бұл кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады, – деді Жеңіс Қасымбек.
– Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыруға 9,5 млрд. теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 1 257 жоба мақұлданды. Бұл – 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есеге көп. Жобалар бойынша инвестицияның жалпы сомасы 64 млрд. теңгеден асады. «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша да қолдау артты, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, комиссияда шешімін жергілікті және орталық билік шешімін таба алатын кәсіпкерлердің проблемалары туралы айтылды. Өзекті мәселелердің бірі – құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты жобаларды түзету. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Құрылыс және құрылыс индустриясы комитетінің төрағасы Төлеген Әшімовтің ақпараты бойынша, облыс бойынша осындай 50-ге жуық өтінім берілген. Жеңіс Қасымбек бұл мәселені шешу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, энергия тапшылығы мәселелері талқыланды. Энергияның жетіспеушілігі бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Бұл мәселе де жүйелі көзқарасты талап етеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.



