Жаңалықтар

Мемлекеттік наградалар иесін тапты

Жыл өткен сайын облыстың даму деңгейі артып келеді. Оған кәсіпкер, мейлі ол қатардағы жұмыскер болсын өз үлестерін қосуда. Бүгінде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыстың дамуына үлес қосқан бірқатар тұлғаларды облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапаттады.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматты «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалімен марапаттады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, Президенттің Алғыс хатын табыстады. – Тәуелсіздік біздің ең басты қазынамыз. Баға жетпес байлығымыз. Ата-бабаларымыз осы күнге жетуді ғасырлар бойы армандады. Міне, биыл бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға – 30 жыл. Осы уақыт ішінде үлкен табыстарға жеттік. Отандастарымыздың бірлігі мен татулығының арқасында Елбасының тапсырмасымен қиын кезеңдерден өттік. Бүгінде Қазақстан әлемге танылған мемлекетке айналды. Әрине, бұл барлығымыздың ортақ жемісіміз, – деді Жеңіс Махмұдұлы. Жезқазған қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атанды.

– Жас кезімізде «Қарағанды облысы Қазақстан экономикасының локомотиві» деп ән шырқаушы едік. Қазір аймағымыз сол қарқынынан тайған жоқ. «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» деген атақ бердіңіздер. Бұл марапат мен үшін баға жетпес мақтаныш. Баға жетпес рухани қазына. Бұл марапаттың бәрін ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосқан жандардың еңбегіне берген баға деп ойлаймын. Сондықтан, бәріміз жұдырық болып жұмылып, экономикамызды дамытуға күш салайық. Ал, еңбек қай уақытта болмасын – бағаланады, – деді ол.

Ал, «Шапағат» медалін кеудесіне таққан «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Абай Ораз:

– Жезқазғанда жаңадан ашылған «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының ашылуына Мемлекет басшысы келіп қатысқан еді. Сол уақытта Президент алдында сөз сөйлеп, білім ошағын таныстырған болатынмын. Бүгінгі марапат соның жемісі деп ойлаймын. Бұл марапаттың мен үшін орны бөлек. Біріншіден, бізге сенім артып осындай марапатқа ұсынып жатса, екіншіден жауапкершілік жүктейді. Медальдің ауырлығы қандай болса – бізге артылған жауапкершілік те дәл сондай, – деді ол. Сонымен қатар, аймақ басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өткенге көз жүгіртті.

– Биыл облыста 14 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар, жаңа мектеп, спорт, мәдениет кешендері бой көтерді. Мәселен, Ұлытау ауданындағы Жошы хан кешені, Қарағандыдағы Оқушылар сарайы мен Қасым үйі. Бүгінгі таңда облыстағы жұмыссыздық деңгейі – 4.6%. 1991 жылы бұл көрсеткіш 14% еді. Облыс тұрғындарының 90%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Алдағы 2 жылда бұл межені толық орындаймыз. 1991 жылы бұл көрсеткіш 32%-тын. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің өндірген өнім көлемі – 60%-дан асты. Бұдан бөлек, «Жезқазған – Қызылорда» бағытындағы жаңа теміржол да салынды. Міне, осыдан-ақ, облыстың қандай деңгейде екенін көруге болады. Әрине, бұл жетістікке жетуге себеп болған – өздеріңіз. Күн-түн демей еңбек етіп, облыстың дамуына бір кісідей үлес қосып келесіздер, – деді аймақ басшысы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button