Ресми
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция жобасына арналған сарапшылар талқылауына қатысты
«Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» тақырыбындағы сарапшылар алаңын Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Қоғамдық саясат институты бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың, академиялық және сарапшылар қауымдастығының, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Мемлекеттік кеңесші жаңа Ата Заң жобасының маңызына тоқталды.
«Жаңа Конституция – заңдық тұрғыда ең жоғары тұратын жай ғана құжат емес, бұл – белгілі бір дәрежеде қоғамдық келісім. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа жоба біздің бірегейлігімізді және бірқатар негізгі мәселелер бойынша қалыптасқан қоғамдық консенсусты әлдеқайда нақты көрсетеді. Ең бастысы, жаңа Конституция қай бағытта жүріп келе жатырмыз, болашақта қандай мемлекет құруды көздеп отырмыз деген сұрақтарға нақты жауап береді. Алғаш рет ғылым, білім және инновациялар мемлекет дамуының стратегиялық негізі ретінде бекітілмек. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған ел атануды көздейді. Осылайша, жаңа Конституция дамудың жаңа басымдықтарын айқындап, ел өркендеуінің жаңа векторын белгілейді», – деді Ерлан Қарин.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


