Мемлекеттік филармония оркестрі Қарағандыда Астананың 25 жылдығына арналған концерт өткізеді
Қарағандыда, «Шалқыма» концерт залында 3 қыркүйекте Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі өнер көрсетеді. «Астана – өнер ордасы» музыкалық бағдарламасы елорданың 25 жылдығына арналған.
Дирижерлік пультті екі маэстро тізгіндейді: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов және еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрлан Бекенов.
Қазақ және әлем классиктерінің шығармалары орындалады. Көрермендер өнер шеберлері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова (домбыра), «Құрмет» орденінің лауреаты Жанар Жүсіпова (қобыз), Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Тәшімова (сымқобыз), халықаралық байқаулардың лауреаты Қайрат Жұмағалиевтің (домбыра) өнерін тамашалайды. Солистер: «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілдә (баритон), халықаралық конкурстардың лауреаттары Фируза Рахметова (сопрано) және Талғат Аллаберінов (тенор).
Кештің басталуы сағат 17:00-де. Билеттерді «Шалқыма» концерт залының кассасынан немесе «Тикетон» арқылы сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты келесі телефон нөмірлері арқылы білуге болады: (8-7212) 41-13-14, 41-22-30 немесе +7-707-222-12-41.