Қарағанды облысында 23 мыңнан астам өтініш алимент өндіру бойынша қаралуда
Қазіргі қоғамдағы тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттің кепілі – заң үстемдігі. Әр азаматтың өз міндетін орындауы – ел болашағына қосылған үлес. Әсіресе, баланың алдындағы ата-аналық борышын өтеу – жеке жауапкершілік қана емес, мемлекет алдындағы маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында баланың құқығын қорғау, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, заңды орындауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Осы бағытта Қарағанды облысының прокуратурасы пәрменді жұмыстар жүргізіп, алимент бойынша қордаланған мәселелерді шешуде нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

Қоғам алдындағы жауапкершілік
Ресми дерекке сүйенсек, Қарағанды облысында бүгінде 28 300 кәмелетке толмаған баланың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Олардың күнделікті өмірі мен болашағы – тікелей ата-аналық қамқорлық пен мемлекеттің назарында. Облыста 23 мыңнан астам атқарушылық іс алимент өндіру бойынша қаралу үстінде. Статистикадағы әр істің артында зор жауапкершілік арқалаған бір тағдырдың тұрғанын ұмытпаған жөн.
– Жыл басынан бері облыс прокуратурасының үйлестіруімен 3,2 млрд теңге болған алимент қарызы 2,8 млрд теңгеге дейін азайтылды. Бұл – мыңдаған баланың киімі, тамағы, оқуына жұмсалар қажетті қаражаттың нақты қайтарымы. Заң аясында қатаң бақылаумен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көптеген борышкер қарыздарын өтеп, балаларына тиесілі көмекті қайтара бастады, – деп атап өтті Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Елдос Таласбаев.
Прокуратура органдары жұмысының өзегі, басты мақсаты – заңды орындату. Иә, заң – баршаға ортақ. Осы орайда, облыс аумағында алимент төлеуден жалтарған, сот шешімін елемеген борышкерлермен күрес күшейгенін атап өткен жөн. Әсіресе, қасақана төлемей жүргендерге қатысты қылмыстық іс қозғау, жауапкершілікке тарту тиімді тетікке айналған.
Нақтырақ айтсақ, биыл 23 қылмыстық іс қозғалып, оның алтауы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Бұл да жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Тергеу барысындағы заң талаптары борышкерлерді қарызынан құтылып, жауапкершілікті сезінуге, бала болашағына бейжай қарамауға жетелейді. Оның ішінде, 4 борышкерге қатысты айыптау үкімі шығып, заң үстемдігі көрініс тапты.
Сонымен қатар, аймақтағы жеке сот орындаушылар қызметіне де тексеру жүргізіліп, прокуратура 9 акт қабылдаған. Нәтижесінде 4 борышкер қылмыстық, 9-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 16 сот орындаушы тәртіптік жазаға ұшырапты. Мемлекеттік бақылау болмаса, кез келген салада босаңсу орын алатыны белгілі. Сол себепті, жүйелі тексеру мен қадағалау – нақты нәтиженің алғышарты.
– Алимент өндіру – жекелеген отбасылардың ішкі мәселесі емес, бұл – мемлекет деңгейіндегі маңызды әлеуметтік міндет. Әр баланың өсіп-өнуге, білім алуға және лайықты өмір сүруге құқығы бар. Бұл құқықтың қорғалуына ең алдымен, ата-аналар, содан кейін мемлекет жауапты. Облыс прокуратурасы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Борышкерлердің жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеу үшін заң аясында барлық тетіктер қолданылуда. Биылдың өзінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалар санының артуы профилактикалық шаралардың пәрменділігін көрсетіп отыр. Одан бөлек, біз жазалау шараларымен ғана шектелмейміз. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмысқа орналастыру, құқықтық түсіндіру, ақпараттық жұмыс жүргізу – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі, – дейді Елдос Таласбаев.
Әлеуметтік қолдау мен ескерту
Алимент қарызы – кешенді әлеуметтік проблема. Қарағанды облысы прокуратурасы бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста.
Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері алимент төлемей жүргендер мен пробацияда тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылған. Бұл – борышкерді еңбекке тартудың, өз міндетін өтетудің бір жолы. Сонымен қатар, аймақта ақпараттық рейдтер өткізіліп, алимент төлемеудің салдары туралы ескертетін 3 билборд орнатылды.
Атқарылып жатқан бұл жұмыстар тек жазалауды мақсат тұтпайды. Алдын алуға бағытталғанын да айрықша атап өту керек. Бүгінде алимент өндіруге мемлекет қатаңдықпен қатар, қолдау, түсіндіру жұмыстарын да негізге алған.
Осы мақаланы жазу барысында алимент өндіріп алып отырған аналардың бір-екеуін аз-кем әңгімеге тартқан едік. Есімін атамауды өтінген қала тұрғыны, екі баланың анасы өз ой-пікірімен, білгенімен бөлісті.
– Күйеуіммен заңды түрде әлі ажыраспағанымызбен, бірнеше жылдан бері бірге тұрмаймыз. Басында күйеуімнің тұрақты табысы болғанына қарамастан, балаларына көмек көрсетпеді. Айлығын жасырып, «жұмыссызбын» деп жүрген кездері де болды. Үндемесем, балаларымның жағдайының жақсармайтынын түсіндім. Кейін сотқа жүгініп, алимент өндіру туралы арыз бердім. Құжат жинап, заңгерлермен кеңесіп, уақытым мен күшімді сарп еттім. Бірақ, соның бәрі әділдікке жету үшін қажет болды. Қазір әр ай сайын заңмен белгіленген тәртіп бойынша күйеуімнің айлық табысынан тиісті пайыз есепшотқа түсіп отырады. Бұл өмірде қорғансыз қалмаудың жолы – заңды, құқығыңды білу, – деді ол.
Түйін
Президенттің «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы тапсырмаларының өзегі – заң үстемдігін орнату. Мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, заң мен тәртіпті жоғары қойғанда ғана әділеттілік салтанат құрады. Әр ата-ана өз міндетін адал атқарып, әр мемлекеттік орган заңды мүлтіксіз орындағанда ғана елдің болашағы берік, іргесі мықты болмақ.
Демек, мемлекет тірегі – заң мен тәртіп. Ендеше, бұл – ұран емес, өмірлік тәжірибеден туған азаматтық ұстаным!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»