Мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Имашевқа еске алу тақтасы орнатылды
Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласы мен Шет ауданының Құрметті азаматы, «СССР баспа ісінің үздігі», «ҚазССР мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері» Мәлік Имашевқа еске алу тақтасы орнатылды. Тақта 1973 жылдан 1994 жылға дейін өзі басшылық еткен баспа үйінің қабырғасына ілінді. Тарихи ғимарат Абай мен Бұқар жырау даңғылдарының қиылысында орналасқан.
Тақтаның ашылу рәсіміне облыс басшылығы мен қаламгерлер және зиялы қауым өкілдері, өзі баптаған шәкірттері қатысты. Балалары мен немерелері де келді. Шара барысында Мәлік Имашев жайында жылы естеліктер айтылып, ұлағаты насихатталды. Көзі тірісінде жанына жақын шәкірті һәм бауырына айналған белгілі тележурналист, «Ақпарат саласының үздігі» Әшімхан Жәмпейісов аға-ұстазы хақында ой толғап, орындалмай кеткен арманын айтты.
– Кеңес Одағынан қалған жұпыны хәлдегі баспахананы жаңғыртты. Жаңа жұмыс жүйесін енгізді. Осакаров ауданындағы бидай қабығынан қағаз жасау шаруасын қолға алған еді. Әттең, зейнет жасына толып қойғандықтан, өз бастамасын іске асыра алмады, – дейді Әшімхан Жәмпейісов.
«Полиграфия» өндірістік бірлестігін басқарған 21 жыл ішінде Мәлік Имашев баспаның материалдық-техникалық базасын жетілдіріп, өндірістік тиімділігін арттырған. Білікті басшы өз еңбегі арқылы тәуелсіз Қазақстанның баспа ісіне тың серпін берген. Шәкірттерінің айтуынша, ұлағатты тұлға журналистердің де жұмысын жетік білген. Ғұмырнамасы хатталған 7 кітаптың авторы. Ұжымға кадр таңдауда да ұтымды шешімдер қабылдаған. Талантты, талапты мамандардың жолын ашқан деседі. Зейнетке шыққаннан кейін де өңір дамуына үлес қосқан.
Тақтаның орнатылуына есімдері елге белгілі азаматтар қамқорлық жасаған екен. Атап айтсақ, Камалтин Мұхамеджанов, Рымбала Омарбекова, Оралды Төреғожин, Тілеубек Қамалиев, Ғабит Тұяқов, Әшімхан Жәмпейісов.
«Мұндай тақта ел мүддесіне еңбек еткен ердің есімі халық жадында сақталуы үшін қажет», – дейді көзкөргендер.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz