Ресми

Мемлекет қолдауы айқын сезіледі

Жаһанды жайлаған жұмыссыздықпен күрес елімізде де түбегейлі қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыссыз халыққа әлеуметтік қолдау көрсету шараларына баса ден қойылуда. Жұмыссыз халыққа әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мақсатында өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілген. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», – деп жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетуде нақты іс-шаралар жоспарын жасауды тапсырды. Осы орайда, аймақта 54 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі күнге оның сегіз мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. Бұл шаралар ұлттық жобалар, бос жұмыс орындары, жеке бастамаларға шағын несие беру және гранттар беру мен субсидиялау арқылы жүзеге аспақ. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде – «Жастар практикасы», қоғамдық жұмыстар, осал топтар үшін жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орны, «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» секілді жобалар аймақтағы жұмыссыздар санының азаюына едәуір септігін тигізбек. Мәселен, қысқа мерзімді курстарға жіберілетін 1551 адамның құжаты қабылданды. Немесе, жастар кәсіпкерлігін дамытуға берілген 1,62 млрд. теңге жеңілдетілген несие жастар үшін өз кәсібін ашып, жұмыссыздық көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етпек.

– Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1,38 млн. теңгеге дейін 400 АЕК бойынша 191 грант беру жоспарлануда. Бұл жобаға барлығы 263,58 млн. теңге қарастырылған. Мәселен, сәуір айының басында 52 адам грант алды. Сонымен қатар, аймақта өндіріс орындарының ашылуы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне бірден-бір ықпал етіп отыр. Saran индустриялық аймағында шина зауыты, тұрмыстық техника зауыты, санитарлық-гигиеналық құралдар өндірісі сияқты кәсіпорындарда 830 жұмыс орны, арнайы кокс өндірісі бойынша Нұра ауданында және Теміртау қаласында 50 жұмыс орны, Бұқар жырау ауданында пластикалық құбырлар мен пластиктен жасалған бұйымдар өндірісі 50 жұмыс орны бар. Ауыл шаруашылығы саласында ет, құс еті, сүт және сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, көкөністер мен гүлдер өсіруге арналған жылыжай кешені 1,5 мыңнан астам жұмыс орны бойынша жобалар іске асырылатын болады, – дейді басқарма басшысы.

Кадр мәселесін шешуде «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде өңірлерге жұмыскерлер тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Түркістан облысымен өзара міндеттемелер туралы меморандум жасалды. Аймақтағы кәсіпорын және мекемелердің қатысуымен өтетін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыссыздар санының азаюына оң әсерін тигізуде. Биыл 23 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, 2927 адам қатысса, оның 388-і жұмысқа орналасқан.

Халық көп шоғырланатын әлеуметтік орындарда бос жұмыс орындары туралы мәліметтер мен әлеуметтік қолдауға арналған бағдарламалар туралы жан-жақты ақпараттар беріліп тұрады. Мұндай жүйелі іс-шаралар аймақтағы жұмыссыздық көрсеткішін 4,4% деңгейінде сақтауға мүмкіндік беруде.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button