Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты
Республика күні қарсаңында Қазақстанда ТМД аумағында теңдесі жоқ бірегей жоба – Kia Qazaqstan автомобиль зауыты іске қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысып, зауыттың ашылу рәсіміне қатысушыларды құттықтады. Президент бұл жобаның еліміздегі машина жасау саласын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Жаңа зауыт Қостанай облысында орналасқан және онда әлемнің ең озық технологиялары, цифрлық басқару жүйелері мен жасанды интеллект элементтері қолданылады. Өндірістік желілерде 68 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді, барлық процесс барынша автоматтандырылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 70 000 автомобиль.
Мемлекет басшысы сондай-ақ екі жыл бұрын Қостанай сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салып, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Қазақстан экономикасына жаңа серпін беріп, автомобиль жасау саласында мыңдаған жұмыс орнын ашуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.