Мемлекет басшысы телеарна арқылы үндеу жасайды
Мемлекет басшысы ертең, яғни, 16 наурыз күні телевизия арқылы үндеу жасайды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Мемлекет басшысы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы наурыздың 16-ы, сағат 08:00-ден 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізді.
Президент төтенше жағдай кезеңінде төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін Мемлекеттік комиссия құрды. Оның құрамына Премьер-Министр, бірқатар жоғары мемлекеттік орган басшылары кірді. Жарлыққа сәйкес, төтенше жағдай кезінде мынандай шаралар мен уақытша шектеулер енгізіледі.
1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;
2) ірі сауда нысандарының жұмыс істеуіне шектеу қойылады;
3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрады;
4) карантин енгізіледі, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады;
5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады;
6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленеді”, – деп жазды Берік Уәли.