Мемлекет басшысы: Табиғатты қорғау – отаншылдықтың негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет таныту – отаншылдықтың нақты көрінісі.

Президент бұл ұстанымдар тек экологияны қорғаумен шектелмей, ұлттың рухани дамуына, қоғамдағы тәртіп пен бірлікке тікелей әсер ететінін атап өтті. Табиғатқа жанашырлықпен қарау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс екенін айтты. Қала мен ауылдың тазалығы, қоғамдық орындардың тәртібі, жасыл желекті көбейту – елдің өркениетті дамуының маңызды көрсеткіші.
Президенттің бұл пікірі қоғамды ортақ іске жұмылдырып, әрбір азаматты туған жерге жанашыр болуға үндейді. Тазалық пен тәртіпті сақтау арқылы ғана жауапты, саналы әрі отаншыл қоғам қалыптастыруға болады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



