Бас тақырыпРесми

Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттады

Президент су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты.

Суреттер Ақорда

– Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін атап өтті.

– Былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі жұмыс істеліп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екеніне тоқталып, соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.

– Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет – 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған, әр тамшы судың қадірін білген. Суды тиімді пайдалану – өте өзекті мәселе. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінде судың қасиеті, құдықшының еңбегі туралы терең ойлар айтылады. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни «аз пайдалансаң, аз төлейсің» деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Себебі, су үнемдеу – алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті. Оны қарқынды түрде жүзеге асыру керек. Шындығын айтсақ, қазіргі жағдай жалпы мәз емес. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында суды үнемдеу мәдениеті жан-жақты дәріптеліп жатыр. Еліміздегі 2 миллионнан астам оқушы «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты ауқымды жобаға қатысты. Өскелең ұрпақ судың құндылығын білуі керек, оны ысырап етпеу туралы жастайынан түсініп өсуі қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, су қауіпсіздігі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналды.

– Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Өңір елдерімен тығыз ықпалдастықтың арқасында былтыр диқандарымызға қажетті су толық жеткізілді. Биыл да осындай жұмыс атқарылуға тиіс. Әлемде суға сұраныс деңгейі 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін. Мұндай жағдайда бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды. Сондықтан Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға белсенді қатысады. Былтыр Сауд Арабиясында өткен арнаулы саммитте су проблематикасын шешудің негізгі тәсілдерімен бөлістім. Келесі жылы елімізде БҰҰ аясындағы Өңірлік экология саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осы тектес қадамдар еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, су ресурстарын дамытуға үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлеріне алғыс айтты.

– Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күрделі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

Былтыр «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бекітілді. Бүгін осы атақ бірқатар ардагерге берілді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Back to top button