Бас тақырыпРесми

Мемлекет басшысы Сингапур Президентімен келіссөздер жүргізіп, бірнеше құжатқа қол қойды

Тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне баса мән бере отырып, екі ел қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады, деп хабарлайды ortalyq.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

– Сингапур Президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.

Биыл наурыз айында екі мемлекеттің бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды. Президент осы кезеңде елдеріміз арасында өзара сенімді саяси диалог пен белсенді парламентаралық байланыстар қалыптасқанын атап өтті.

– Қазақстан мен Сингапур қатынастарында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ерекше орын алады. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың берік негізі қаланғанына тоқталды. Бұл орайда жақында құрылған Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.

– Сингапурға турист ретінде баратын азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Әрине, Сіздің елден келетін туристер мен бизнесмендерге біздің есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан Қазақстан Сіздің елмен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екенін тағы да айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Халима Якоб мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны, сондай-ақ өзіне және сингапурлық делегацияға қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сингапур Президенті екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

– Өте дұрыс айтасыз. Бұл – Сингапур Президентінің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары. Сондықтан бұл – өте маңызды сапар. Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл біз үшін өте маңызды әрі көп жылдан бері жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды, – деді Сингапур Президенті.

Мемлекеттер басшылары экспорт мүмкіндіктерін кеңейту, еліміздің аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, Алматы маңындағы «G4City» агломерациясының құрылысына қатысты бірлескен инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы, қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын бір-бірімен сабақтастыру, сондай-ақ елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөнінде өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

Сингапур Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия елдері (С5) мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуетті арттыру бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
3. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Enterprise Singapore» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «Enterprise Singapore» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button