Бас тақырып

Мемлекет басшысы құрылтайдың негізгі басым бағыттарына тоқталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай жұмысының нақты бағыттарына тоқталды.

БІРІНШІ мәселе. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.

Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің Геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет.

Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн. Енді, мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар.

Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс.

Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті, әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет.

Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз. Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады.

Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ, тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн.

Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым.

Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады.

ЕКІНШІ мәселе. Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ.

Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің  бір топ ғалымдары жұмыла кірісті.

Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ, жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс.

Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек.

Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі.

Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала – археология. Алматыдағы Археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған.

Сондай-ақ, төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ.

Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс.

Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек.

ҮШІНШІ мәселе. Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі. Жаңа ғана Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл да – өте орынды бастама.

Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын.

Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді.

Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады.

Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр.

Жақында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым менің шақыруыммен Қазақстанда болды. Ол Түркістанға әдейі ат басын бұрды. Бұл – беделді халықаралық ұйым басшысының соңғы 10 жылда елімізге жасаған алғашқы сапары. Мен Азуле ханыммен арнайы кездестім. Ол маған Бурабай, Марқакөл қорықтары және «Ортеке» өнері ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін растайтын құжатты табыстады. Мұның бәрі Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз.

Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет.

Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі.

Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан, байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек.

ТӨРТІНШІ мәселе. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс.

Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес.

Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз.

Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.

Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал, отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.

Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда, кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді.

Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет.

Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес.

Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе.

Өйткені, өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді. Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі, еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет.

Сонымен бірге, балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн. Мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру керек. Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек.

Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз.

Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз. Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ, біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет.

Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады.

Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы керек.

Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин еңбек адамын насихаттау туралы жақсы ой айтты. Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал, жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай, келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар.

Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады. Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр.

Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал, түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады.

Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады. Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлдем қажеті жоқ ақпарат деуге болады. Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек.

Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өте орынды пікір айтты. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс.

Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшелері, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді.

Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр.

Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан, былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым.

Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады. Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті.

Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады.

БЕСІНШІ мәселе. Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ, билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы.

Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды.

Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет.

Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет.

Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ, ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ, бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ.

Сондықтан, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек.

Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын.

Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін TikTok платформасында насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мен мұны қолдаймын. Жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – дұрыс қадам.

Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға, яғни, fake news-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар.

Ал, жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан, біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін.

Жалпы, осындай маңызды істерге, соның ішінде кітап шығару ісіне Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы керек. Бір ай бұрын ұйымның кезекті құрылтайы өтті, жаңа Төраға сайланды. Бұл – көрнекті қаламгер Мереке Әбдешұлы Құлкенов. Жақында мен онымен кездестім, қазақ әдебиетінің болашағы, дамуы туралы әңгіме болды.

Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті.

Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын  тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын.

Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі, кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар.

Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Қысқасы, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді. Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан, құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда.

Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Жалпы, киноиндустрияны экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырып, мәселелерді нақты шешкен жөн. Әсіресе, киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың да мүддесін теңдей ескеру қажет. Сонда жаңа кейіпкер, тарихи қаһарман, маңызды оқиғалар жайлы фильмдерді тек «Қазақфильм» емес, жеке компаниялар да түсіреді. Өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзейтін болады.

Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек.

АЛТЫНШЫ. Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет.

Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында.

Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек.

Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс.

Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады.

ЖЕТІНШІ мәселе. Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат.

Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе.

Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді.

«Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз.

Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс.

Мен аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беремін. Былтыр Президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салатын болады.

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни, мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды.

СЕГІЗІНШІ мәселе. Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру.

Бұдан бөлек, аудан және ауыл әкімдерін сайладық. Облыстық мәслихаттарға сайлау аралас жүйе арқылы, ал аудан мәслихаттарына тек бір мандаттық қағидат бойынша өтеді. Алдағы жұмыс – ауқымды. Біраз уақыт қажет екені түсінікті. Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы.

Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ, жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ, бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button