Бас тақырып

Мемлекет басшысы: Бес аймақта су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі екенін атап өтті. Ал, Қарағанды облысында жағдайдың тұрақталғанын айтты, деп хабарлайды Ortalyq.kz akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мемлекет басшысының айтуынша, бес аймақта, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін.

Қалған алты облыста, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытауда жағдай тұрақтала бастаған. Мемлекет басшысы адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет екеніне назар аударды.

Президент өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік материалдық резервтен арнаулы техника және басқа да жабдықтар алуға рұқсат етілгенін айтты.

– Мен шығынды өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыру туралы нақты тапсырма бердім. Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл – су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сондай-ақ көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек екенін атап өтті.

– Су астында қалған елді мекендерде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу қажет. Менің тапсырмаммен Үкімет басшысы және оның орынбасарлары қазір аймақтарда жүр. Олар жағдай тұрақталғанша барлық жұмысты үйлестіреді, елмен бірге болады, – деп түйіндеді Президент.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button