Бас тақырып

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Өз сөзінде Тәуелсіздіктің барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық екендігін атап өтті, деп хабарлайды Ortalyq.kz akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет Qazaqstan.tv

– Құрметті отандастар!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.

Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі абырой-беделі жоғары, стратегиялық бағдары айқын мемлекет ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Халқымыз бұған еселі еңбек пен ырысты ынтымақтың арқасында қол жеткізді. Біз осы берекелі бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, қиындықтың бәрінен сүрінбей өтеміз. Тәуелсіз еліміз өркениетті, озық мемлекет ретінде дами береді.

Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!

Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button