Мемлекет басшысы: «Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы» форматын құру идеясын қолдайды»
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.

– Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Былтырдан бері Ұйымға құрметті Президент Садыр Жапаров бастаған қырғыз елі тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына ризашылығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құрметті Ильхам Гейдар оглудың басшылығымен Әзербайжан тарапына беріледі. Алдағы уақытта да Ұйымымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.
Ақорда