Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды.
– Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз біз үшін зор мәртебе. Бұл Сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті көңіл бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарым-қатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес, – деді Президент.
ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады.
– Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.
Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аммандағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.
Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдірді.
Президент Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет беріп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор.
Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті.
Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп, университеттер арасында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.